ӘлеуметБасты тақырыпДенсаулық
ҰЛТ САУЛЫҒЫН КӨЗДЕЙТІН БАҒДАРЛАМА АЯСЫНДА АТҚАРЫЛҒАН ЖҰМЫС КӨП
Өткен бейсенбі күні Ойыл аудандық ауруханасында өткен мәжілісте «Дені сау ұлт» - әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» ұлттық жобасы талқыланды. Осы жоба аясында 2022 жылда атқарылған жұмыстарды бас дәрігер Сәндібек Нұрбаев баяндап, алға тұрған міндеттерге тоқталды. Жиынға облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бекболат Ізбасаров және аудандық санитарлық эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Ғарифолла Құбаев қатысты.
Бас дәрігер былтырғы атқарылған жұмыстарды жалпы статистикалық көрсеткіштермен баяндады.Сондай-ақ, аудандағы денсаулық сақтау саласындағы кадр тапшылығы және де ана мен бала денсаулығын қорғау, ана мен бала өлімін болдырмау мақсатында жасалған жұмыстарға баса назар аударып, онкологиялық, жүрек-қан тамырлар ауруларын, туберкулез бойынша аурушаңдықты азайту, салауатты өмір салтын қалыптастыру, тұрғындар арасында суицидтің алдын алу, жасөспірімдер арасында ерте жүктіліктің алдын алу бойынша жұмыстарды одан әрі жандандыру бойынша нақты міндеттерге тоқталды.
Баяндамадан соң сөз алған облыстық денсаулық сақтау басқарма басшысының орынбасары Бекболат Ізбасаров аурухананың атқарылған жұмыстарына оң бағасын беріп, проблемаларды да көтеріп, оны шешу жөнінде ұсыныстарын айтты.
Жиынның қорытындысында алдағы уақытта жүйелі жұмыстарды ұйымдастырып, әр мамандарға нақты тапсырмаларды міндеттеді.
Медицина қызметкерлері тарапынан сауалдар қойылып, тиісті жауаптар берілді.