Басты тақырыпМәдениет

АЛҒАШҚЫ ҚОҢЫРАУ СЫҢҒЫРЫ

Бүгін барлық білім ордалары есіктерін айқара ашып, мектеп табалдырығын алғаш аттаған кішкентай бүлдіршіндерді ықыласпен қарсы алатын күн. Биылғы жаңа 2021-2022 жаңа оқу жылын аудандағы 23 білім беру ұйымы 3300-ге жуық оқушымен бастап отыр. 1-ші сыныпқа 350 бүлдіршін қабылданып, бұл бүлдіршіндерге жыл сайынғы дәстүр бойынша ауданымыздың меценаты, «Анвар» ЖШС-нің директоры, облыстық мәслихат депутаты Талғат Салфиковтың демеушілігімен оқушы сөмкелері мен құралдарын 1-ші сыныпқа аяқ басқан оқушыларға таратылды. Биылғы оқу жылына дайындық барысында аудандағы ерекше санаттағы 409 оқушыға 37389 теңгеден оқу құралы мен мектеп формасын алу үшін әр ата-ананың жеке есепшотына қаржы аударылды және де 1 сыныпқа баратын осы санаттағы 46 оқушыға «Самұрық-Қазына» Ұлттық Әл-ауқат қорынан оқу құралы салынған мектеп сөмкесі берілді. Жыл сайынғы «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы бойынша 437 оқушыға 3 млн. 840 мың теңгенің көлемінде демеушілік көрсетілді.

Бүгін Ж.Жүсібалиев атындағы Ойыл қазақ орта мектебі әдеттегідей жаңа оқу жылының шымылдығын ашты. Білім күніне арналған дәстүрлі салтанатты шараның ашылу салтанатына куә болған аудан әкімі Асқар Қазыбаев барлық оқушыларға, мектеп табалдырығын алғаш аттаған бүлдіршіндерге алдағы уақытта сапалы білім мен тәрбие алуға, еліміздің үлгілі азаматтары болып қалыптасуына тілектестік білдірді. Ж.Жүсібалиев атындағы Ойыл қазақ орта мектебінің директоры Маржан Жонысова биылғы оқу жылына мектептің толықтай дайын екендігін және жаңа оқу жылына даярлық тобына қабылданған 66 оқушыдан бөлек 608 оқушымен бастағалы отырғандығын жеткізді. Сонымен бірге, ардагер ұстаздар және шаттыққа толы қуанышты күнге балдырғандарын жетектеп әкелген ата-аналар, білім саласының ардагерлері өздерінің мерекелік лебіздерін жеткізді. Жаңа оқу жылындағы құттықтау­лар­дан кейін егемен елдің болашақ ұрпақ­тары, мектепке енді ғана қадам бас­қан бүлдіршіндер өлең шумақтарын жолдады.

Гаухар АЛЕКСЕЕВА,
Ойыл селосы.

Басқа жаңалықтар