Мәдениет
«Маржанның» белесі Ұлы өнердің жеңісі
Осы дүйсенбіде ауданымызда «Би өнері – әлемнің рухани елшісі» атты «Маржан» би ансамблінің есеп беру концерттік кеші өтті. Жалпы қай өнерді болмасын оны елге насихаттау үлкен жұмыстың бірі. «Маржан» би тобы түрлі биік белестер мен асуларды бағындырып ауданымыздың абыройын асқақтатып елдін мақтанышына айналды. Ойылдың топырағында туып, күллі қазақты биімен тәнті еткен Нұрсұлу Тапаловадай бишінің ізімен би өнерін жанына серік еткен біздің биші бүлдіршіндеріміз сахнаны мың бұрала билеп шырайын келтірді.
Айта кететін жайт «Маржан» би тобы облыстық, халықаралық, републикалық байқаулардың жеңімпазы. Астана, Алматы, Шымкент, Тараз, Атырау тіптен көршілес жатқан Ресей елінің Астрахан, Орынбор қалаларынан жүлделі орындарды иеленіп жүр. Концеттік бағдарламада әртүрлі бағыттағы және әр ұлттың билері болды. Атап айтып кетсек, «Сезім сыры», «Гимнастика», «Қазақ биі», «Құстар», «Чунга – чанга» сияқты тағы да басқа би түрлерін де биледі. «Маржан» би ансамблінің кешінде жетекшілерімен бірге саз мектебінің жас өнерпаздарымен қатар домбыра үйірмесі де өнерлерін көрсетті. «Болмасаң да ұқсап бақ» дегендей, биімен де халыққа тамаша көңіл-күй сыйлаған «Маржан» би тобының қыздарын тума талант деп қаларсың! Әсіресе кішкентай бүлдіршіндеріміз көңілімізді көтерсе, ересек топтағы биші қыздарымыз бірқалыпты сұлулығымен, сымбатымен, мың бұралған биімен жүректерді жаулай білді. «Маржан» би тобының жетекшісі Толқын Тумышоваға жалпы би өнерін дәріптен өскелең ұрпаққа үйретіп баулығаны үшін мадақтамалар табыс етілді. Мәдениет үйінің залын толтырған көрермендер белсенді түрде атсалысып, қошеметтеп, жас өнерпаздарға қолдау білдіріп отырды. Кеш соңында домбыра үйірмесінің жеткіншектеріне бітіру куәліктері табыс етілді.
Өміргүл ӘМІРХАНҚЫЗЫ.