ӘлеуметБасты тақырып
АУЫЛДЫ ДАМЫТУДЫҢ НЕГІЗІ – КӘСІП АШУ
Өткен аптада аудан әкімі Асқар Қайырғалиұлы кезекті іссапарын Саралжын ауылдық округінде жалғастырды. Ауыл тұрғындарымен кездескен аудан басшысы кездесу жиынында халықтың ұсыныс-пікірлерін тыңдап, атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттеріне кеңінен тоқталды. «Абаттандырылған ауыл» бағдарламасы арқылы биыл Саралжынды көркейтуге күш салынбақ. Ақкемерліктердің негізгі тілегі тас жолға дейінгі 13 шақырым көтерме жолдың жайы. Бұл тілекте алдағы уақытта шешілгелі тұр. Ақкемер тұрғындары салынатын жолдың сапасына мән беру қажет деген пікіріне, аудан әкімі үкіметтің немесе аудандық, облыстық, республикалық бюджеттен бөлінетін қаржы арқылы жүзеге асырылатын межелі істерде ешқандай да жемқорлық болмайды, оны арнайы комиссия тексеріп, мердігерлердің де жұмыс сапасы үнемі қадағалауда болатынын ашып айтты. Сондай-ақ, аудан басшысы ауылдағы жастарға жеке тұрғын үй салу ісін дамыту қажеттігін айтты. Әкімге кездесу барысында тұрғындар тарапынан жол қатынасы, жолаушылар тасымалына байланысты, электр қуатының ауылдың кейбір бөлігінде төмендігі туралы сауалдар қойылды.
Саралжындықтар бас дәрігердің қызметін сынға алып, ауылға жедел жәрдем көлігі керектігін жеткізді. Сонымен қатар, тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтарға аудан əкімі Асқар Қайырғалиұлы жиналысқа арнайы келген мекеме басшыларын қатыстыра отырып жауап берді. Сұрақ-жауап барысында тиісті бөлім, мекеме басшылары мен ауылдық округ əкіміне нақты тапсырмалар берілді.
Барлық ауылдағы кездесуде де тұрғындарға «Ауыл аманаты» жобасы түсіндірілді. Жаңа жобаға Саралжын ауылдық округінен қызығушылық танытқандар көп. Тіпті 2,5 пайызбен несие алып үлгергендер де бар.
Жиыннан кейін аудан әкімі ауылдағы әлеуметтік нысандарды аралап, жай-күйімен танысты.
Гаухар АЛЕКСЕЕВА,
Ойыл-Шиқұдық-Саралжын-Ақкемер-Бестамақ-Ойыл