Әлеумет

«Имамы бар ауылдың балалары иманды»

Көптоғай селолық округінде төрт бөлімше бар. Соның ішінде Амангелді ауылы (төртінші бөлімше) Жамаладин Дүйсенов салған мешіт бар. Мешітте әр жұма сайын жұма намазы өтеді. Азан шақырылып намаз оқылған елдің несібесі артып, тірлігі мен бірлігі мол болады.Бұл ауыл он шақты жыл бұрын көшуі көп, ажарсыз ел еді. Қазір барсаң, көзін тоймайды. Екі қабатты мектеп, зәулім үй, бақшалары бар. Көшіп-қонуы мүлдем жоқ. Баласын үйлендіріп, үйінің жанынан үй салып жатыр.Менің айтайын дегенім, «Әкеге қарап ұл өсер» дегендей, ауылына қарап, азаматын тануға болады. Жуырда жүк көлігімен осы ауылға тас алуға барғанмын. Сыртта волейбол ойнап жүрген балалардан қол көмек сұрап едім, олар да, «Ағай, ораза айында көмек берген сауап»  — деп тасты  ә, дегенше тиеп берді. Келесі күні барғанымда кешегі күннен қарағанда балалардың саны көптеу жиналып көмекке келді. Осындай сәтте қол ұшын берген балалардың есімі Рамазан, Ізбасар, Еркебұлан, Талап, Бекарыс, Ернар, Айдарбек, Асыланбек, Қазыбек  деген ауыл балалары еді. Осы балалардан үлгі алып басқа балаларда еңбекке құлшынса деймін. Бірінші рақметімді ата-анасына, екінші рақметімді осы балаларды оқытып, тәрбиелеп жатқан мектеп ұжымына айтқым келеді.

А.НИЯЗОВ,

жеке кәсіпкер, Көптоғай ауылының тұрғыны.

Басқа жаңалықтар