Басты тақырыпМәдениет

КӨКЖАР ХАНЫМЫ 2023 – АЙЗАТ

8 наурыз Халықаралық әйелдер күні жақындаған сайын анаға деген құрмет тоқтаусыз жалғасып келеді. Қоғамдағы әйел затының алар орнын ұлықтаған мәдени-көпшілік шаралар осының куәсі іспетті.
Осы орайда«Шұғыла» мәдениет және демалыс орталығының ұйымдастыруымен «Көкжар ханымы – 2023» байқауы өтті. Қазақ халқының төл мәдениеті мен өнерін, салт-дәстүрін дәріптеу, аналар бойындағы тектелікті, сабырлық пен парасаттылықты, нәзіктікті кейінгі ұрпақ бойына дарытуды көздеген байқауға ауданның 40 жастан асқан 4 үміткер қатысты.
Алғаш рет сахна шымылдығын түрген байқау 4 кезең бойынша өтті. Сымбаты мен сыры жарасқан ханымдар алғашқы кезеңде қазақ әйеліне тән әдебімен өздерін таныстырды. Екінші кезеңде бірі ән салса, бірі ақындардың қара өлеңдерін мәнерлеп оқыды.
Үшінші кезеңнің ережесі бойынша ұлттық тағамдар дайындап әкелсе, соңғы айналымда сән үлгісін көрсетіп, көпшілікті таңғалдырды.
Мәдени сайысқа қатысқан арулардың әр қайсысының көрсеткен өнерлері бір төбе болды десек, артық айтпағанымыз. Сахналық көрініс те қойып, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Бірінші болып шыққан Айзат Тыныштыққызы қазақтың батыр қызы Мәншүк Мәметова туралы қойылымда Мәншүктің рөлін сомдап, жиналған қауымның жанарын жасқа толтырды. Ал Жанаргүл Мұхамбетова мен Жаңылдық Атыраубаева ән шырқаса, Гүлнұр Нұрбалиева М.Мақатаевтың өлеңін мәнерлеп оқыды.
Сымбатына сәні келіскен келіндер сахна мәдениетін сақтап, шынайы қазақы сұлулықты танытатын бірден-бір нышан қазіргі заманға лайықталған киімдерден сән үлгісін көрсетті.
Әр турда айрықша ізденіспен бабы мен бағы қоса шапқан байқауда «Көкжар ханымы – 2023» Ж.Жүсібалиев атындағы Ойыл қазақ орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Айзат Рысқалиева жеңіп, 30000 сертификатын иеленді. Ойыл аудандық ауруханасы Шұбарши ауылдық медициналық пунктінің фельдшері Жанаргүл Мұхамбетова«Ұлттық құндылықты насихаттаушы ханым», Ойыл балалар – жасөспірімдер спорт мектебінің кіші қызметкері Жаңылдық Атыраубаева «Стильді ханым», Ш.Берсиев ауылдық округі әкімі аппаратының іс жүргізушісі Гүлнұр Нұрбалиева «Іскер ханым» аталымдары бойынша марапатталып, алғыс хаттар мен 10 000 теңгенің сертификаттары сыйлыққа ұсынылды.
Бұл байқау көптің көңіліне көктем шуағын себелеп, жүректерге жылылық ұялатқаны сөзсіз.
Г.АБАЙҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар