ӘкімдікӘлеуметБасты тақырып
Ауылшаруашылық тауар өндірушілердің форумы өтті
Өндірістік нысандары болмаса да ауылшаруашылық, кәсіпкерлік қозғалысы жақсы дамып, еліміздің аграрлық саласына үлес қосып келе жатқан Ойыл ауданы облыстағы атақты үш брендтің біріне ие. Сол ақ тарының отаны саналатын өңірде төрт түлігі көбейіп, егін алқаптары жылдан жылға арта түсуде. Өндірістің ошағын осы мал, жер өнімдерінен індетіп, өзін де, өзгені де жұмыспен қамтып отырған шаруақожалықтар дың көбі үкіметтің жеңілдігін көргендер. Жеңілдетілген несие, субсидия тағы басқа да мүмкіндіктер кәсіпкерлер көшінің түзелуіне көп көмек болғаны анық. Осындай игілікті бағдарламалар арқылы малын көбейтіп, қызмет көрсету орындары бір жүйеге түскен ауданымыз тағы бір шарапатты іске иек артты. Ол бұған дейінгі жасаған істерінің нәтижесін сұранысқа сайлау. Яғни мал өнімдерін қайта даярлап тұтынушыларға ұсыну. Бұл екі тарапқа да тиімді болары хақ. Кәсіпкер ең алдымен өз өнімдерімен жергілікті халықты қамтамасыз етеді. Болашақта одан әрі облыстық, тіпті республикалық кезеңге де экспорттауға жол ашылады. Осы мақсатта бүгін 1-ші аудандық ауылшаруашылық тауар өндірушілер форумы өтті. Форумның мақсаты-тауар өндірушілердің жұмысын дамытып, ауылшаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу бағдарламаларын іске асыру.
Жәрмеңкемен басталған ауылшаруашылық форумы Ойыл аграрлық колледжінің ауласында аудан әкімі Дастан Сағыров пен Құсайын Сәрсенбай бастаған облыстық ауылшаруашылық саласының басшылары, жергілікті кәсіпкерлермен тұрғындардың қатысуымен өтті. Көкжар жәрмеңкесінің сауда қатарлары жергілікті кәсіпкердердің, өндірістік кооперативтердің, шаруақожалықтардың және жеке тұрғындардың ет-сүт, нан өнімдерімен толтырылып, жұртшылыққа тиімді бағамен сатылды. Қаладан көкөніс пен картоп, пияз тиеген жүк көлігі егіні піспеген ауданға сәтімен келген тауар болды. Өткен жылдан бері ұйымдастырылып отырған жәрмеңкенің барлық тауары мол келді. Көп саудаласпай екі жаққа қолайлы бағамен тез өтіп кетті. Мұндай жәрмеңке алдағы уақытта апта сайын өтетін болады.
Самат Нарегеев.