Басты тақырыпМәдениет

АУЫЛ ӘЙЕЛДЕРІНІҢ ФОРУМЫ:ҚАМҚОРЛЫҚ ПЕН ҚОЛДАУ

БІЗДІҢ ЕЛІМІЗДЕ ӘЙЕЛ-АНАЛАРҒА ӨЗ ІСІН АШУ ҮШІН ЖАН-ЖАҚТЫ ҚОЛДАУ, БАСТАПҚЫ КӨМЕК ЖОЛҒА ҚОЙЫЛҒАН БА? ҚОЛДАУ ШАРАЛАРЫ ЖӨНІНДЕ АУЫЛ ӘЙЕЛДЕРІ ТЕГІС АҚПАРАТ АЛЫП ОТЫР МА? БҰЛ ТЕТІКТЕРДІ ОДАН ӘРІ ЖЕТІЛДІРЕ ТҮСУ ҮШІН НЕ ІСТЕУ КЕРЕК?

Өткен аптаның соңында Ақтөбеде ұйымдастырылған Батыс облыстарының аймақтық ауыл әйелдерінің форумында осы мәселелер талқыланды.
Жиынға 300-ден астам адам қатысты.
Оның ішінде Астанадан Ауыл шаруашылығы, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау,Ұлттық экономика министрліктерінің қызметкерлері,көрші өңірлерден облыс әкімінің орынбасарлары мен кәсіпкер қыз-келіншектер, сондай-ақ түрлі халықаралық және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері форумға онлайн режимінде қосылды.
Жиын ҚР Президенті жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстары әкімдіктерінің, бірқатар халықаралық және үкіметтік емес ұйымдардың ұйымдастыруымен өтті.
Жиынды Қазақстан ауыл әйелдері форумының ұйымдастыру комитетінің төрайымы, ҚР Парламенті Мәжілісінің V, VI шақырылымдарының депутаты Майра Айсина жүргізіп отырды. Алғашқы сөзді ол облыс әкімі Ералы Тоғжановқа берді.
Облыс басшысы әйел-аналардың барлық салада, соның ішінде кәсіпкерлік, шағын және орта бизнес саласында да нәтижелі еңбек етіп отырғанын атап өтті.
Мысалы, біздің өңірде шағын және орта бизнес саласында өз ісін ашқандардың 50 пайызы — әйел адамдар.
Ералы Тоғжанов түрлі бағдарламалар арқылы өз кәсібін бастауға қайтарымсыз грант алғаннан кейін оны берекелі іске айналдырудың маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ ол өңірде Президент тапсырмасы бойынша жүзеге асырылып жатқан «Ауыл аманаты» жобасы аясындағы істерге айрықша тоқталды.
— Жобаны іске асыруға кіріскелі бері облыстың 5 ауылында жұмыссыздық жойылды. Бүгінгі күні 53 әйел тауарлы несие алса, 263 қыз-келіншек 2,5 пайызбен 1,1 миллиард теңге көлемінде қаржылай несие алып, өз кәсіптерін жолға қойды.
Еліміздің батыс өңірлерінің басын қосқан бүгінгі ауыл әйелдері форумында халықтың әл-ауқатын арттыру бағытындағы өзекті мәселелер көтеріліп, жүйелі жұмыстар жалғасын табады деп сенім білдіремін,— деді Ералы Тоғжанов.
Оның айтуынша, ақтөбелік қыз-келіншектер мен ақ жаулықты аналар осы жоба арқылы өз кәсібін бастауға не одан әрі дамытуға несие алып қана қоймай, тілек білдірушілерге көмек беру арқылы да оны жүзеге асыруға үлес қосып отыр.
Мысалы, кәсіпкер әйелдердің бірі 120 бас малды тауарлы несие ретінде таратып беріпті.
Жиында ҚР Президенті жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Ләззат Сүлеймен, Coca-Cola компаниясының Қазақстан мен Қырғызстандағы корпоративтік байланыстар және коммуникациялар жөніндегі менеджері Александра Аккирман, Батыстағы облыстар әкімдерінің орынбасарлары, т.б. форум жұмысына сәттілік тілеп, құттықтау сөз сөйледі.
Майра Айсинаауыл әйелдерінің өз қабілет-қарымына сай іс ұйымдастыру жолдарын әлі де таппай отырғанын, мемлекеттік бағдарламалар, басқа да түрлі жобалар арқылы ауылдағы әйел-аналардың белсенділігін арттырып, олардың арасында жұмыссыздықты неғұрлым азайтуға болатынын атап өтті.
— Мысалы, 2012 жылы Coca-Cola компаниясы бүкіл әлем бойынша 5 миллион әйелді өз ісін табуға ынталандыру, түрлі дәрістер өткізу жобасын қолға алып, оның аясында қазақстандық қыз-келіншектерді де қамту жөніндегі ұсыныспен бізге келгенде, біз ең алдымен, ауыл әйелдеріне назар аудару керектігін айттық. Осы жобаның аясында 11 жыл ішінде ұйымдастырылған түрлі тренингтер, дәрістер мен басқа да шараларға Қазақстаннан 60 мыңнан астам әйел қатысыпты. Соның ішінде 117 адамға өз ісін бастауға грантар берілді, — деді.
Айта кетейік, гранттар 2-4 мың доллар аралығындағы көлемде берілген.
Александра Аккирман біздің елімізде бұл жобаның әлі де жалғаса беретінін атап өтті. Расында, осы форум аясында «Анаға тағзым» орталығында «Coca-Cola белестері» әлеуметтік жобасына қатысуға тілек білдірушілер үшін жеке кездесулер өтті.
Сондай-ақ аталмыш орталықта «Жасыл экономиканы қолдау және G-Global дамыту коалициясы»ЗТБ-ның бас менеджері Асыл Оқапова, «Әлеуметтік динамика» қоғамдық қорының директоры Елена Ожго тренингтер өткізіп, әйелдерге іс бастау жолдары, мемлекет пен түрлі үкіметтік емес ұйымдар тарапынан көрсетілетін қолдау, заңнаманы білу, т.б. маңызды мәселелер төңірегінде қажетті ақпараттар берді.
«Анаға тағзым» орталығы алдындағы алаңда ұйымдастырылған көрмеге ақтөбелік кәсіпкер әйелдердің қолынан шыққан бұйымдар, түрлі өнімдер қойылды. Солардың бірі — тігін цехының иегері Нарқыз Тәжіғалиева кезінде «Coca-Cola белестері» әлеуметтік жобасына қатысып, өз ісін бастауға грант ұтып алған екен.
— 2020 жылы пандемияға байланысты үйде отырып қалдық. Сол кезде қайткенде табыс көзінен айырылып қалмау жолдарын іздестіруге тура келді. Ғаламторды қарап отырып, осы жобаға көзім түсті. Қатысып көрсем деп шештім, бірақ грант ұтып аламын деп ойламаған едім. Қазір өз ісімді жолға қойып, 9-16 жас аралығындағы балаларды тігін тігуге үйретіп жүрмін. Кейде шәкірттеріммен бірге мол көлемде тапсырыс та аламыз, — деді ол.
Ізденіс, талпыныс соңы Нарқызды осындай нәтижеге жеткізіпті. Ол — 2020 жылдан бері осы жоба аясында грант ұтып алған 4 ақтөбеліктің бірі.
Жалпы, Қазақстан ауыл әйелдерінің форумы соңғы алты жыл бойы әйелдер кәсіпкерлігін дамыту және ауыл тұрғындарын нәтижелі жұмыспен қамту бағытында ауылдың әл-ауқаты мен өмір сүру сапасын жақсарту жолдарын іздестіріп, бастамаларды талқылауға алаң ұсынып келеді.
Осы уақыт ішінде 10 мыңнан астам әйел өз ұсыныс-пікірлерімен бөліскен, сонымен бірге ауылды тұрақты дамыту бойынша өз жобалары мен ұсыныстарына қолдау тапқандар да көп.
Биылғы форум аясында «Ауыл аманаты» жобасы бойынша Алға, Қарғалы, Байғанин, Темір, Хромтау аудандарында тұратын 5 әйелге тауарлық несие сертификаттары табысталды.
Айна САРЫБАЙ.

Басқа жаңалықтар