ӘкімдікБасты тақырып
МӘМІЛЕГЕ МЕДИАЦИЯНЫҢ ҮЛЕСІ КӨП
Өткен апта Ақтөбе облыстық сотының төрағасы Айдар Смағұлов, Қазақстан Республикасы Сот әкімшілігінің Ақтөбе облысы бойынша департамент басшысы Бағлан Бейсенбаев, доғарыстағы судья Бағатай Ізтай ауданға іссапармен келді. Аудан әкімдігінде қоғамдық кеңес мүшелері, мекеме басшылары, аудандық мәслихат депутаттарымен кездесті. Алдымен аудан әкімі Асқар Қайырғалиұлы ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері бойынша жан-жақты мәлімет беріп өтті.
Кездесу жиынының мақсатын түсіндіріп, еркін, ашық әңгімелесуге шақырды.
«Ауданға келген мақсатымыз — осы салада қандай өзгерістер бар, болашақта атқарылатын жұмыстармен таныстыру. Халықпен танысу, ардагерлеріміздің алдынан өту. Сонымен қатар көтерілген мәселелерді халықпен бірлесе отырып шешу.
Жалпы Ақтөбе облысы медиация саласы бойынша бірінші орында, 54%-дан кем даулар медиация арқылы шешіліп, қысқартылып жатыр. Бұндай жетістікке жетудің өзі кездейсоқтық емес. Себебі медиация бір шешімге келу мүмкіндіктері тәмамдалды деген жағдайларында да өз шешімін тауып, жақсы достық, серіктестік, қарым-қатынастарды сақтап қалумен қатар, абыройға кір келтірмеуге мүмкіндік береді. Ойыл ауданында да атқарылып жатқан жұмыстар жаман емес», — деп өңірдегі медиацияны ары қарай дамытуға тілегін білдірді Айдар Смағұлов. Сондай-ақ аудандық сотының төрағасы Сәуле Танимоваға ҚР Судьялар Одағының төрағасының Құрмет Грамотасын табыстады. Келесі кезекте сөз алған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сәрсенбай Аманғосов жұмыстарына сәттілік тіледі.
Өз тілшіміз