ӘкімдікБасты тақырып
АСЫЛХАН ТӨЛЕПОВ ЖЕРЛЕСТЕРІМЕН ЖҮЗДЕСТІ
Ойыл өңірінен өнердің өр шыңына қанат қаққан күміс көмей әншілер де, мың бұралған бишілер де, дәулескер күйшілер де аз емес. Олардың барлығы да Ойыл тарихынан ойып тұрып орын алары хақ.
Бүгінгі күнде өнерпаз жастардың арасында биік-биік белестерді бағындырып жүргендердің бірі Асылхан Төлепов туған жеріне келіп, жерлестерімен кездесті. Сондай-ақ, Ақтөбе облысы грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының құрметті президенті Дәурен Жабасов келді. «Жау жүрек мың бала» фильмі мен «Сұңқар» телехикаясының басты рөлін сомдаған Қазақстан Республикасының театр және кино актері, «Серпін», «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері Асылханды жерлестері ыстық ықыласпен қарсы алып, айрықша қолдау көрсетті. Кездесуді алдымен аудандық мәслихат төрағасы Сәкен Займолдин ашып, Асылханға жерлестерінің лебізін жеткізіп, ашық сұхбаттасуға шақырды.
«Шұғыла» мәдениет және демалыс орталығында кездесу кешіне жан-жақтан жиылған жастар ашық сұхбаттасты. Кездесу кешіндегі сауалдарды саралай келе жауап берген Асылхан Сайлауұлы жалпы өнер жолы оңай жол еместігін жасырмады.
Себебі оны танытқан «Жау жүрек мың бала» фильміне түсу үшін көп еңбектенген. 23 мың адамның ішінен таңдау алған жерлесіміздің айтары адамға алдымен бақ берсін дейді. Сонда ғана сенің биіктен көрінуің толық негіз бар. Бұрын кастинг жарияланған киноларға түсуге өзі іздеп баратын болса, қазір оны режиссерлердің өздері іздеп келеді. Дәурен Жабасовқа қойылған сұрақтар легі де аз болмады. Жастардың спортшыға қойған сұрақтары әр-алуан болды. Мәселен, оларды спортшының алғашқы бапкері, спорт саласындағы жобалары, қазақстандық спорттың деңгейін көтеруге қатысты пікірлері, өскелең ұрпақты спортқа баулу мәселелері қызықтырды.
Өз кезегінде ол замандастарын салауатты өмір салтын ұстануға шақырды.
Кеште балалық шақтың естеліктерінен сыр шертті, жып-жылы естеліктер де айтылды, ән де шырқалды. Өздерімен арнайы алып келген сый-сияпаттарын табыстаса, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сәрсенбай Аманғосов ақ тілегін арнады.
Осы кештен керемет әсерге бөленген жерлестері кішкентай ауылдан түлеп ұшқан ұлдарымен мақтанатындарын айтып, естелікке суретке түсіп, «Қайда жүрсең де аман бол!» — деген тілектерімен шығарып салды. Ауылдастарының осындай құрметіне бөленген актер Асылхан Сайлауұлы барша жерлестеріне үлкен алғысын білдірді.
Гаухар АЛЕКСЕЕВА,
Ойыл селосы.