ӘкімдікӘлеуметБасты тақырып

ТАЛҒАТТЫҢ КЕЗЕКТІ ТАРТУЫ

Ұлттың ұлт, мемлекеттің мемлекет болып қалыптасуына жеке адамдар жасаған игі істердің де пайдасы бар екенін жоққа шығара алмаймыз. Халқымыз қолы ашық адамды «Атымтай Жомарт» деп атауы да тегін емес. Қазақ әрдайым қосарланып айтатын қасиеттердің бірін жомарттық деп түсіндірген. Ізгілікті серік еткен ел азаматтарының ең игі істерінің бірі – көмекке мұқтаж жандарға қамқорлық жасап, қолдау көрсету.

Соңғы жылдары жаңа оқу жылы қарсаңында балаларға қуаныш сыйлайтын атымтай азамат, облыстық мәлихаттың депутаты, «Анвар» ЖШС-нің директоры Талғат Салфиков биыл да жерлестеріне кезекті тартуын жолдады.
Яғни, мектеп табалдырығын алғаш рет аттағалы отырған 360 оқушыға толық оқу құралдары бар сөмке сыйлап отыр. Ол үшін 3 миллион теңгенің үстінде қаражатын жұмсаған жерлесімізге алғыстан басқа айтарымыз жоқ! Әрине, бұл көп отбасына көмек екенін айтып жату артық.
Талғат Салфиков – қайырымдылықты әлеуметтік жауапкершілікпен сабақтастырған азамат туған өлкесіндегі күрмеуі қиын мәселелерді шешуде сүбелі үлесін қосып келеді.
Үзеңгілес әріптестеріне ісімен үлгі, жастарға өнеге бола алатын Талғат Маратұлы қандай құрметке де лайық! Адамгершілік қасиетті биік ұстап, қолдан келген көмегін көрсетіп жүрген Талғат Салфиковты «жүрегі алтын» адам деп нық сеніммен айтуға болады. Табысты, іскер, жігерлі, мейірімді, ең жағымды қасиеттері мен үлкен өмірлік жетістіктері бар жерлесіміздің биылғы жылғы балаларға сыйлығы мұнымен шектелген жоқ. Жуырда ол өзі білім алған Ойылдағы қазіргі Ж. Жүсібалиев атындағы Ойыл қазақ орта мектебінің еден жабындысын толық ауыстырып берсе, Талғаттың көмегімен Ойыл қазақ орта мектебінің мәжіліс залына толық жөндеу жүргізіліп, жабдықтары алынды.
«Байлық мұрат емес, жоқтық ұят емес» дейтін қазақ халқының ежелден келе жатқан мақалының астарына мән беріп үңілсек, байлықты мұрат ретінде санамаған, оны тек басқаларға көмек қолын созатын мүмкіндік есебінде көретін ерекше тұлғаның бірі – Талғат Маратұлы.
«Өз елі өз ерлерін ескермесе, ел тегі алсын қайдан кемеңгерді» — деп ақиық ақын Ілияс Жансүгіров жырлағандай, осы орайда биылдың өзінде Ойылға осындай игілікті ұсынған жігіттің жомарттығы «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» — деген қазақтың қанатты сөзін еріксіз еске түсіреді.
Серікбай ҚОЙБАҒАРОВ,
Ойыл селосы.

Басқа жаңалықтар