Әлеумет
«Біз біргеміз!»
«Nur Otan» партиясының «Біз біргеміз!» республикалық акциясы аясында партияның Ойыл аудандық филиалы, аудандық мекемелер, ауылдық округтер, кәсіпкерлер, үкіметтік емес ұйымдар, аудандық мәслихат депутаттары, «Nur Otan» партиясының «Jas Otan» жастар қанатымен бірге «Кедергісіз келешек», «Бақытты отбасы» және «Ардагерлерді ардақтайық!» жобалары аясында көмекке зәру қариялар, мүмкіндігі шектеулі жандар, көпбалалы 137 отбасыға қолдау көрсетті.
«Біз біргеміз!» республикалық акциясы аясында Ойыл ауданының азаматтары, кәсіпкерлері қайырымдылық көмек көрсетіп келеді. Осындай төтенше жағдай кезінде жомарттық танытып, әлеуметтік жағдайы төмен адамдарға қайырымдылық жасау Ойылдың атымтай азаматтары үшін абыройлы міндет. Сондықтан республикалық акцияға үлес қосу әлі де тоқтамай тұр. Республикалық акцияға «Көкжар» мешітінің имамы Нұрсұлтан Серікұлының мұрындық болуымен Әділбек Балғазин, Қанат Ермағанбетов, Берік Берекенов, Сәндібек Нұрбаев және Жасұлан Ержанов көп балалы, аз қамтылған отбасыларын азық-түлікпен, гигиеналық тауарлармен қамтамасыз етті. Сондай-ақ ауданның кәсіпкерлері Қуаныш Қыстаубаев және Күлжамал Әліп акцияны жалғастырып, отбасының атынан аудандағы ерекше қажеттіліктері бар адамдарға және аз қамтылған көп балалы 7 отбасыға азық-түлік себетімен көмек берді. Мешіт имамы Нұрсұлтан Серікұлы қайырымдылық көмекті тиісті мұқтаж жандарға беру керектігін кеңінен насихаттап, жол көрсетті. Қолдау көрсеткен азаматтарға көмек алған адамдар осындай қиын-қыстау кезеңде қамқорлық жасап жатқан барша азаматтарға алғыстарын білдірді.