ЕҢБЕК ЕТСЕҢ — МІНДЕТ ЕТУ МҮМКІНДІГІ

Қазақстанда қолға алынған конституциялық реформа елдің қоғамдық-саяси өміріндегі маңызды кезеңдердің бірі деп бағалаймын. Жаңа Конституция жобасы мемлекетті басқарудың заманауи қағидаттарын қалыптастырып қана қоймай, қарапайым еңбек адамының құқықтары мен әлеуметтік қорғалуын күшейтуге бағытталып отыр.
Конституция жобасын талқылау ашық әрі жария форматта өтті. Осы уақыт аралығында саяси партиялардан, қоғамдық бірлестіктерден және ел азаматтарынан 4000-ға жуық ұсыныс түсті. 30 қаңтарда жарияланған құжат қоғамда кеңінен талқыланып, әр азаматтың пікірін білдіруіне мүмкіндік берілді. Бұл – реформаның халық мүддесіне негізделіп отырғанының айқын көрінісі.
Ұсынылып отырған өзгерістердің өзегінде адам факторы тұр. Әсіресе, еңбек адамының қоғамдағы орны мен рөлі жаңа мазмұнда айқындалып отыр. Жаңа Конституцияда еңбек тек азаматтың жеке таңдауы емес, мемлекеттің тікелей жауапкершілігі ретінде қарастырылады. Еңбек ету құқығының конституциялық деңгейде бекітілуі жұмыспен қамту, лайықты еңбек жағдайын жасау және әлеуметтік кепілдіктерді қамтамасыз ету міндетін мемлекетке жүктейді.
Жаңа Конституция – бұл мемлекетті басқарудың жаңа жүйесін қалыптастыратын әрі қарапайым азаматты қорғауға бағытталған қоғамдық келісім. Бұл жобаның негізінде адам тұр. Онда өмір сүру, еңбек ету құқығы мен бостандықтар нақты айқындалған. Жаңа Конституция әлеуметтік диалог пен қоғамдық бақылау тетіктерін күшейтуді көздейді.
«Заң мен тәртіп» қағидатының конституциялық деңгейде бекітілуі де еңбек адамы үшін айрықша мәнге ие. Заң алдында бәрінің тең болуы, сот жүйесінің тәуелсіздігі мен құқықтық мәдениеттің орнығуы жұмысшының өз құқығына деген сенімін арттырады. Бұл еңбек қатынастарындағы әділетсіздіктің алдын алуға бағытталған берік құқықтық негіз болып саналады.
Жаңа Конституция – еңбек адамының еңбегін бағалайтын, оның үнін еститін және құқықтарын нақтылайтын құқықтық негіз. Осы себепті бұл реформаны әлеуметтік тұрақтылық пен әділетті қоғам қалыптастыруға бастайтын маңызды қадам деп ойлаймын!
Гүлбақыт БЕКЕЕВА,
Ш. Бекмұхамбетова атындағы мектеп-гимназиясының мұғалімі.

