ӘкімдікӘлеуметБасты тақырып

РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ПӘНДІК ОЛИМПИАДАНЫҢ ЖЕҢІМПАЗДАРЫ МЕН ЖҮЛДЕГЕРЛЕРІ МАРАПАТТАЛДЫ

БЫЛТЫР 19-21 ЖЕЛТОҚСАН АРАЛАҒЫНДА ЖАЛПЫ БІЛІМ БЕРЕТІН ПӘНДЕР БОЙЫНША РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ОЛИМПИАДАНЫҢ АУДАНДЫҚ КЕЗЕҢІ ӨТКЕН БОЛАТЫН. ОЛИМПИАДАҒА 13 ПӘН БОЙЫНША 19 МЕКТЕПТЕН 208 ОҚУШЫ БІЛІМДЕРІН СЫНҒА САЛЫП, 67-І ЖҮЛДЕЛІ ОРЫНДАРДАН КӨРІНДІ. АЛ, АУДАНДЫҚ КЕЗЕҢНЕН СҮРІНБЕЙ ӨТКЕН 22 ОҚУШЫ ОЛИМПИАДАНЫҢ ОБЛЫСТЫҚ КЕЗЕҢІНЕ ЖОЛДАМА АЛЫП, НӘТИЖЕСІНДЕ 7 ОҚУШЫ ЖҮЛДЕЛІ ІІ,ІІІ ОРЫНДАРҒА ИЕ БОЛДЫ.

Ж.Жүсібалиев атындағы қазақ орта мектебінде олимпиаданың жеңімпаздарын марапаттау жиыны өтті.
Аудан әкімінің орынбасары Мұратбай Айдарбаев, аудандық білім бөлімінің басшысы Серік Меруенов жүлдегерлер мен ұстаздарын марапаттап, оқушылардың аудан абыройын асқақтатып, республикалық сайыстан олжалы оралуы білім нәрімен сусындатқан ұстаздарының елеулі еңбегі екендігін атап өтіп, балалардың алдағы уақытта да оқуда озат болуына тілектестіктерін білдірді. Атап айтар болсақ, Соркөл орта мектебінің 11 сынып оқушысы Назерке Дүйсенова химия пәні бойынша жүлделі ІІ орын, Ш.Берсиев атындағы орта мектептің 11 сынып оқушысы Қарақат Рахметоллақызы биология пәні бойынша ІІ орын, сонымен қатар Қарақат тұңғыш рет ауыл мектептерінің оқушыларына арналған жалпы білім беретін пәндер бойынша олимпиаданың республикалық кезеңінде жүлделі ІІІ орынға ие болды. Ш.Берсиев атындағы орта мектептің 10 сынып оқушысы Рустам Бақсиықов информатика пәні бойынша ІІ орын, Ш.Берсиев атындағы орта мектептің 11 сынып оқушысы Жарқын Амантай химия пәні бойынша ІІІ орын, Ж.Жүсібалиев атындағы орта мектептің 11 сынып оқушысы Гаухар Абатқызы биология пәні бойынша ІІІ орын, 10 сынып оқушысы Айнұр Оразалиева биология пәні бойынша ІІІ орын, 9 сынып оқушысы Динара Бақыбаева биология пәні бойынша ІІІ орын.
Олимпиаданың облыстық кезеңіне оқушылар дайындап, дарынды шәкірттердің зияткерлік қабілеттерін шыңдап, оқушыларының білімдерін жоғары деңгейде көрсетуіне қосқан үлесі үшін ұстаздары аудан әкімінің Алғыс хаты мен 200 мың ақшалай сертификат және аудандық кәсіподақ ұйымы атынан шипажайға жолдама табысталса, жүлдегерлердің ата-аналарына аудан әкімінің Алғыс хаты табыс етілді. Жиында ауыл мектептерінің 9-11 сынып оқушыларына арналған жалпы білім беретін пәндер бойынша Республикалық олимпиаданың облыстық кезеңінде жүлделі І, ІІ, ІІІ орын алған жеңімпаздарға диплом мен медальдар, облыстық кезеңіне қатысқаны үшін сертификаттар табысталды. Сондай-ақ, жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың аудандық кезеңінде оқушыларының көрсеткен үздік нәтижелері үшін «Үздік олимпиадалық команда» аталымымен Ш.Бекмұхамбетова атындағы мектеп-гимназиясы І орын, Ш.Берсиев атындағы орта мектебі ІІ орын, Ж.Жүсібалиев атындағы қазақ орта мектебі ІІІ орынды иеленді.
Гаухар АЛЕКСЕЕВА,
Ойыл селосы.

Басқа жаңалықтар