Басты тақырыпРухани жаңғыру

Ұлттық домбыра күні алғаш рет аталып өтті.

Биыл ұлттық құндылығымызды ұлықтап, жалпы халықты ұлттық мәдениет пен бірегейлікті сақтап, қайта жаңғыру идеясының төңірегінде елбасымыздың қолдауымен 1 шілде ұлттық домбыра күні болып бекітілді.

 

 

 

Ұлттық домбыра күні еліміздің барлық аймағында алғаш рет аталып өтті. Осыған байланысты Ойыл аудандық орталық ауруханасында бірінші шілдеде дүние есігін ашқан Альбина Едігеқызы мен Нұртөре Нұржасұлына аудан әкімі  Дастан Жарылқасынұлы «Қазақстан Халықтарының Ассемблеясы» логотипі бейнеленген ұлттық домбырамызды табыс етті. «Замандас» әжелер клубының мүшесі жас аналарымызға өздерінің жолын берсін деген ниетпен орамал тағып, шашу шашты. Салтантты сәттің соңында аудандық мәдениет үйінің көркемөнерпаздары домбыраның шанағынан күй төгілтті.

 

 

 

 

Сол күні кешкісін ежелден өнер ордасы аталып келе жатқан біздің өңірде де айтулы мереке айрықша тойланды. Атадан балаға мұра болып келе жатқан ұлттық аспабымыз ұлттық домбыра күнің күміс көмей әншілеріміз бен дәулескер күйшілерімізді тамаша кеште тоғыстырды. Орталық саябақ іші ұлттық аспаптармен қоса күмбірлеген домбыра үнімен үндесті. «Күмбірле, күміс домбыра!» атты мерекелік шараға арнайы қатысқан аудан әкімі Дастан Жарылқасынұлы барша жұртшылықты домбыра күнімен құттықтай отырып, аудандық мәдениет үйі өнерпаздарынан құралған ансамбльмен бірге күй тартысты. Өз кезегінде орындалған «Көңіл толқыны» күйі көпшіліктің көңілін тербесе, «Балбырауын» бабында тұрғандардың делебесін қоздырып, қазақ күйлерінің құдіреттілігін көрсетті. Сонымен бірге мерекелік шарада жанына қазақтың қара домбырасын серік еткен мәдениет саласының қызметкерлерін ұлттық мерекемен құттықтаған ҚР мәдениет қызметкері Амангелді Жұманов ашық аспан астында құрылған сахна төрінен орын алып, Батыс өңіріндегі өткен ғасырдағы ұлттық өнеріміздің айшықты тұлғалары Ғарифолла Құрманғалиев пен Мұхит Мералыұлының әндерін шырқады. Айтулы шараның соңында аудан өнерпаздары қазақ күйлеріне тарихына тоқталып, саябақ ішін күмбірлеген күйге толтырды. Айта кетсек, ұлттық маңызы зор шарадан әуесқой домбырашылар да қалыс қалмады. Кейбіреулері шамасына қарай шапса, олардың арасында шебер орындағандарда болды.

Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,

Өміргүл ТЕМІРХАН.

Басқа жаңалықтар