ӘкімдікБасты тақырып

Екі мәселе — ертеңнің еншісі

Өткен жұмада аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудандық қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті. Қоғамдық кеңесті жүргізген кеңес төрағасы, «Нұр Отан» партиясы Ойыл аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Еркін Жиеналин күн тәртібіне көктемгі егіс, Жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек, Қоғамдық кеңес құрамына өзгерістер енгізу туралы үш мәселені ұсынды.

Қоғамдық кеңеске аудан әкімі Дастан Жарылқасынұлы арнайы қатысты. Кеңес мүшелерімен танысқан аудан басшысы күн тәртібіндегі ұсынылған мәселелерден тыс алдағы уақытта ауылды абаттандыру, мал күтімі, мал басын асылдандыру, балалар баратын орталық ашу сынды мәселелерді жүзеге асыруда кеңес мүшелері белсенді түрде қоян-қолтық жұмыс жасау керектігін атап өтті. Кеңесте көтерілген алғашқы мәселе бойынша тарқатсақ, облыстық ауылшаруашылығы басқармасы бекіткен егіс құрылымына сәйкес ағымдағы жылы біздің аудан бойынша ауыл шаруашылығы дақылдары 2,4 мың гектар алқапқа себіледі деп жоспарланған. Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Сүйіндік Өскенбаевтың аудан бойынша көктемгі далалық егін егу жұмыстары туралы берген ақпаратқа сүйенсек, қазіргі таңда аудан бойынша 1363 гектар алқапқа ылғал жабылып, барлығы 842 гектар жерге дән себілген. Оның ішінде 665 гектары дәнді дақылдар болса,177 гектар алқабы суармалы дақылдар егістігі.

«Биылғы дәнді дақылдар егістігіне қажетті бірінші репродукциялы 55 тонна арпа, 24 тонна тары тұқымы астық егетін шаруашылықтарымен «Степное» ЖШС-нен сатып алынды. «Бүгінде көктемгі далалық жұмыстарға үш К-700, бес ДТ-75, он МТЗ-82,92 жалпы 18 трактор, 5 соқа, 27 дәнсепкіш ауыл шаруашылық техникалары қатысуда. Жоғарыда аталған жұмыстарды жүргізу үшін 40 тонна дизель отынына сұраныс беріліп, көктемгі науқанға қатысып отырған барлық шаруалар жанар-жағар маймен толықтай қамтемеленді. Сонымен бірге суармалы дақылдармен шұғылданатын шаруашылықтар қажетті сұраныстары бойынша минералды тыңайтқыштармен де толықтай қамтылып отыр. Айта кетсек, минералды тыңайтқыштардың құнын субсидиялау бағдарламасы бойынша АШТӨ ауылшаруашылығы мақсатына арналған егістік жерлері болуы шарт, ол жерлері «minagro.kz» веб-порталына енгізіліп, электронды картасы болуы қажет. Тыңайтқыштардың құнын субсидиялау электронды картасы қалыптастырылған шаруашылықтарға беріледі», — деді өз есебінде Сүйіндік Төлешұлы. «Нұр Отан» партиясы Ойыл аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Еркін Жиеналин жерге дәнді сеуіп, оны өсіріп, күтіп, баптаумен қатар күзде қамбаға жинау мәселесіне баса назар аудару керектігін ашып айтты. Расында бірнеше жылдан бері біздің аймақта көктем кезінде түрен тартып, тары өсірген талай шаруашылықтардың оны оратын мезгілдегі әрекеттері мүлде мардымсыз. Өйткені күзгі науқанға келгенде ауыл шаруашылығы техникалары жетіспейді. Кеңес дәуірінен қалған техникалардың жүргенінен тұрғаны көп. Сөйтіп жүргенде, түсім төмендеп, көп еңбек еш кетеді. Сондықтан аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Сүйіндік Өскембаев аудандағы шаруашылық төрағаларына 14%-пен комбайн алса, 7%-ті кейін қарай субсидияланатындығын түсіндіріп, шаруашылыққа қажетті техникалар алуға ұсыныс жасады. Ал биылғы күздегі науқанға егіс ору техникаларын көршілес аудандардан әкеліп, жалдамалы түрде жүргізетіндігін жеткізді.

Мемлекет басшысының «Бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадам» Ұлт жоспарындағы «Әлеуметтік көмекті оның атаулы сипатын күшейте отырып, оңтайландыру» атты 84-ші қадамын жүзеге асыру мақсатында 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап, жаңа нысандағы атаулы әлеуметтік көмек көрсетілуде. Аталған көмек осыған дейін көрсетіліп келген үш түрлі әлеуметтік көмекті өзіне біріктіреді. Жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 50%-нан төмен отбасыларға немесе азаматтарға шартсыз немесе шартты ақшалай көмек түрінде тағайындалады. Бұл жөнінде яғни күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша жыл басынан бері жасалған жұмыстарға толыққанды тоқталған Ойыл ауданы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Аралбай Жолдыбаев Жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмекті жүзеге асыруға біздің ауданнан 2018 жылға құрамында 3828 адамы бар 547 отбасына барлығы 81522,0 мың теңге бөлінгендігін нақты атап өтті. Сонымен бірге атаулы әлеуметтік көмек алушылардың тұрақты тұрғын үйлерінің болмауына сәйкес, уақытша мекен-жайларын учаскелік комиссия арқылы анықтауға ықпалу етуге, жеке қосалқы шаруашылық анықтамасындағы мал басыларын және көрсетілетін мал басы жасын ветеринарлық базамен сәйкестендіруге ұсыныс тастады.

Үшінші мәселе бойынша президиум мүшесі Асқар Қазыбаев қоғамдық кеңес құрамындағы мүшелердің ауданнан көшуіне кейбіреулерінің қайтыс болуына байланысты кеңес құрамына өзгерістер енгізу туралы ұсынысын жеткізді. Қоғамдық кеңес отырысының соңында айтылған мәселелердің орындалуы үшін қатаң талап пен үздіксіз бақылаудың қажеттігін жеткізген Бақтығали Бектұрғанов аудан әкімінің жұмысына сәттілік тілей отырып, Дастан Жарылқасынұлына «Әділ болсаңыз жұмыс жүреді, әділдік болмаса арыз-шағым көп болады», — деп сөзін түйіндеді.

Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,

Ойыл селосы.

Басқа жаңалықтар