ӘкімдікӘлеуметБасты тақырып
ОЙЫЛДЫҢ БИІГІН АЛАСАРТПАҒАН АЗАМАТТАРЫ
Асан Қайғы бабамыз «Ойыл көздің жасы еді…» деп күңіренген-ді. Жазда сол «көздің жасындай» жылғаны қуалаған Ойылдың арыны биыл көктемде мүлдем бөлек болды. Әрине, қыс бойы еріп-қатқан қар мен жаңбырдың суы мұз болып қатып, сай-салаға толып тұрғаны да рас. Сондықтан, екі күнде еріген қар тоқтамай өзеннің арнасына құйылды…
Әншейінде, Саралжыннан өткен су Ойылдың тұсына дейін кемі үш-төрт күн жүретін еді. Бұл жолы бір күнде келді. Жолындағының бәрін жайпап келе жатқан Ойыл алдымен Саралжын ауылының шетіне кірді. Ескертілсе де, өзен жағалай отырған шаруалардың көшіп үлгермегендерінің көп шығынға ұшырағандары да жасырын емес. Екпетал мен Жаңабаздан балалар мен әйел адамдар көшіріліп, ер азаматтар қалғанымен дүлей тасқынға тосқауыл бола алмады. Ертесіне Қаратал ауылы да толық су астында қалды. Тұрғындары екі күн бойы тікұшақпен Ойылға көшірілді. Осындай сәтте жүрегі ел деп соққан жырақтағы жерлестер алғашқы болып қолұшын ұсынды.
Алматыдағы Жәрдем Ақбисенов бастаған ойылдықтар жерлестеріне тұрмысқа күнделікті қажетті заттар жөнелтті. Ақтөбеден келген келген көмекте есеп жоқ. «Көп түкірсе, көл» — дегендей, көңілден су ішкен көңіл — жайы мен малы суға кеткендердің салын суға кетірмеді.
Ал, айырып айтатыны жоқ ауданның белсенді жастары бес күннен бері бел шешпей, Ақтөбеден келген азық-түлік, киім-кешек сияқты көмекті судан қайықпен өткізіп, жеткізіп жатыр.
«Жігіттің де, жігіті бар. Азаматы бір басқа» — деген осы. Ойылдағы эвакуациялық орталыққа орналасқан отбасыларды қамқорлығына алған ағайындарын айтпағанда, ойылдықтар да аз емес.
Махамбетше айтсақ,
«Арғымақ, сені сақтадым,
Құлағың сенің серек деп.
Азамат, сені сақтадым,
Бір күніме керек деп!» Міне, Ойылдың биігін аласартпаған азаматтары!
Ал, түркістандық Жандос Жаңабаев Ойылдағы жағдайды естіп, ерікті түрде өзінің қайығын әкеліп, екі күн көмек берді.
Р.S. Кеше Жандосты ойылдық белсенділер ауданның атынан алғыс айтып, ауылына шығарып салды.
Серікбай ҚОЙБАҒАРОВ,
Ойыл селосы.