Басты тақырып

ТӨЛ МЕРЕКЕ ИЕЛЕРІ ҚҰРМЕТКЕ БӨЛЕНДІ

«ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНДАҒЫ КӘСIПТIК ЖӘНЕ ӨЗГЕ ДЕ МЕРЕКЕЛЕР ТУРАЛЫ» ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТIНIҢ 1998 ЖЫЛҒЫ 20 ҚАҢТАРДАҒЫ №3827 ЖАРЛЫҒЫНА СӘЙКЕС 23 МАУСЫМ – МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІ КҮНІ БОЛЫП БЕКІТІЛГЕНІ БЕЛГІЛІ. СОНЫМЕН ҚАТАР,  1992 ЖЫЛЫ 23МАУСЫМДА ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ЖОҒАРҒЫ КЕҢЕСІ «ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ІШКІ ІСТЕР ОРГАНДАРЫ ТУРАЛЫ» ЗАҢДЫ ҚАБЫЛДАҒАН БОЛАТЫН.  БҰЛ ТӘУЕЛСІЗ ҚР ПОЛИЦИЯСЫНЫҢ ҚЫЗМЕТІ МЕН МІНДЕТІН АНЫҚТАЙТЫН АЛҒАШҚЫ ҚҰҚЫҚТЫҚ АКТ БОЛДЫ. АЛ, 2007 ЖЫЛЫ 5 МАУСЫМ КҮНІ ҚР ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТІ ӨЗ ЖАРЛЫҒЫМЕН 23 МАУСЫМДЫ ПОЛИЦИЯ КҮНІ  ДЕП БЕКІТТІ. БИЫЛ ҚАЗАҚСТАН ПОЛИЦИЯСЫНЫҢ ҚҰРЫЛҒАНЫНА 30 ЖЫЛ ТОЛЫП ОТЫР.

Осы орайда бүгін аудандық мәдениет үйінде терең білімділік пен іскерлікті ғана емес, үлкен жауапкершілікті талап ететін Мемлекеттік қызметшілердің  мерекесі мен елдің елдігін қадағалап, ішкі тәртібін бақылап отыратын полиция қызметкерінің  төл  мерекесіне арналған салтанатты жиын өтті. Мерейлі мерекенің ашылуында сөз алған аудан әкімі Асқар Қазыбаев аудандағы қос сала қызметкерлерін айтулы мерекелерімен құттықтады. Ісіне мығым, тірлігіне тиянақты, абыройлы міндетті жүктеген сала мамандарының ерен еңбегі мен төгілген тері мейрам қарсаңында тағы бір мәрте бағаланды. Тарқатып айтсақ, туған Отаны мен халқының сенімін ақтап, елге адал қызмет етудегі абыройлы қызметі үшін бір топ сала үздіктері Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалиннің Алғыс хатына ие болды. Ойыл ауданы әкімі аппаратының басшысы Ербол Тлепов, Ойыл аудандық ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлім басшысының орынбасары Шамшырақ Жоламанова  «AMANAT» партиясы Ақтөбе облыстық филиалының атқарушы хатшысы, облыстық мәслихат депутаты Ербол Данағұловтың Алғыс хатымен марапатталды.

Міндеттерін үлгілі атқарғаны және қызметінде жоғары нәтижелерге қол жеткізгені үшін Көптоғай ауылдық округінің әкімі Ерлан Асылбаев, Ойыл ауданы әкімі аппаратының қаржы-шаруашылық жөніндегі бас инспекторы Татьяна Караева және Ойыл аудандық мәслихатының бөлім басшысы Шолпан Қарабалиналар алғысқа бөленсе, бір топ мемлекеттік қызметкер аудандағы спорттық және мәдени көпшілік шараларға белсене қатысқан, жергілікті мемлекеттік басқару саласындағы жемісті еңбегі мен абыройлы қызметі үшін бірқатар мемлекеттік қызметкерлер де Алғыс хаттармен марапатталды.

Полицияның қызметі тек халық тыныштығын сақтаумен ғана емес, олардан шыққан майталман мамандармен де өлшенеді. Ал, осы қиын да қауіпті қызметте дараланып, алға озған тәртіп сақшылары да мереке қарсаңында марапатталды. Ауданымызда қоғамдық қауіпсіздік пен ел тыныштығын қорғап, құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуде абыройлы қызметі мен қажырлы еңбегі үшін Ойыл ауданы полиция бөлімінің қызметкерлерімен қатар,  қызметтік міндеттеріне адалдықпен қарап, жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген тәртіп сақшыларының ата-аналарына да арнайы алғысқа бөленді. Сондай-ақ «Қазақстан Полициясының құрылғанына 30 жыл» мерекелік медалімен Ойыл ауданы полиция бөлімі жедел криминалистика тобының криминалисті, полиция майоры Жәнібек Қоғабаев, Ойыл ауданы полиция бөлімі күдіктілер мен айыпталушыларды уақыта ұстау изоляторының полицейі, полиция аға сержанты Ержан Мергеновтер наградталды. Аудандық полиция бөлімінің бастығы Серік Берекенов те өз тарапынан бірнеше қызметкерді марапаттады. Салтанатты шарада Ойыл ауданы әкімі аппаратының ақпараттық қауіпсіздік және мемлекеттік қызмет көрсетуді талдау бөлімінің бас маманы Нұрсұлтан Кенжебеков мемлекеттік әкімшілік қызметшісінің антын қабылдады.

Мерекелік шара аудан көркемөнерпаздарының концертімен жалғасты. Бұл жолы көпшілік әдеттегідей аудандық мәдениет үйінің өнерпаздарының әндерін ғана емес, мереке иелерінің де ән-шашуын қабыл алды.

Гаухар АЛЕКСЕЕВА,
Ойыл селосы.

Басқа жаңалықтар