Мәжіліс депутаттары Қазыбек Әлішев, Аманжол Әлтай, Асқар Садықов және «AMANAT» партиясы облыстық филиалының төрағасы Ербол Данағұлов су тасқынынан зардап шеккен Ойыл ауданы тұрғындарымен кездесті.
Депутаттар Ш.Берсиев ауылдық округіне қарасты Қаратал ауылындағы және аудан орталығындағы эвакуациялық орталықтардың жай-күйін қарап, ондағы тұрғындардың талап-тілектерін тыңдады.
Актіленген малдың шығыны өтелу керек. Біз оны ауылшаруашылығы Министрлігіне, Үкімет басшылығына жеткіземіз.
Барлық шығын есептеледі, бірде-бір адам ескерусіз қалмайды. Біз халықтың ұсыныстары қалай ескеріліп жатқанын бақылап отырамыз, — деді Қазыбек Әлішев.
Су тасқыны кезінде «Ханторы» атты тұлпарынан айырылған 3 жасар Бейбарысқа Мәжіліс депутаты Қазыбек Әлішев өзінің «Нұржебе» атты бәйге атын сыйлады, Аманжол Әлтай өлең шумақтарын арнады. Сәбидің көңілі көтеріліп, қуанып қалды.
Іссапарында Мәжіліс депутаттары Ойылға баратын жол мен көпірдің жағдайын да бақылады. Сондай-ақ, ағын судан зардап шеккендерге айтыс ақындары мен жыршы термешілерінің халықаралық одағы және «AMANAT» партиясынан келген гуманитарлық көмек ауыл тұрғындарына жеткізілді.