Әлеумет
Үлкенге көмектің үлгісі
Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің қолдауымен әлеуметтік көмекке мұқтаж жандарға қалтқысыз қызмет көрсетіліп келеді. Оның бір айғағы «Парыз» қайырымдылық қоры арқылы жалғызбасты Орынғали Мұқановқа, «Нұр Отан» партиясы Ойыл аудандық филиалы арқылы Нина Кузинаның үйіне тегін көгілдір отын кіргізілген. Одан басқа аудан бойынша әлеуметтік көмекке мұқтаж 25 адамға 7 әлеуметтік қызметкер қызмет көрсетеді.
Солардың бірі, біздің бүгінгі кейіпкеріміз Айжан Ізімбетова.Қашанда қайырымдылық көрсетуге дайын тұратын Айжан Рахметоллақызы бала кезінен үлкенге ізет, кішіге құрмет көрсетіп өскен. Аудандағы зейнеткерлер мен жалғызілікті көмекке мұқтаж жандарға әлеуметтік қызмет көрсетуге болатынын, ол үшін үкіметтен арнайы жалақы бөлінетінін естіген Айжан Ізімбетова аталған қызметке ойланбастан кірісті. Қызығынан қиындығы басым жұмысты жасауда Айжан еш сескенген жоқ. Өйткені оның жүрегі мейірімділікке толы еді. Әр адамның мінез-құлқы әртүрлі болғандықтан келеңсіз жағдайлар көп болады. Соған қарамастан олардың ішкі жан-дүниесімен ақтарыла сырласып, жанына керек жағдайды жасаудан жалықпады. Нәтижесінде сол үлкендердің батасын алды. Қартайған шағында кәріліктің кебін киген жандарды өз туысындай күтіп-баптап жүрген Айжанға қандай алғыс айтсақ та артық емес. Өйткені бар уақытын көмекке мұқтаж жандарға арнайды. Оның айтуынша әр адамға аптасына екі күннен әлеуметтік қызмет көрсетіледі. Әйтсе де ол белгіленген уақытпен санаспайды. Себебі, кейбір жандар ол уақытты аздық етеді. Бір шаңырақтың ұйытқысы болып отырған аяулы ана көмекке мұқтаж жандарға да алтын уақытын бөліп, үкіметтің жалақысымен бірге бұл дүниенің сауабында алып жүр. Бүгінде осы салада қызмет жасап келе жатқанына 15 жыл толды. Міне сол 15 жылдың ішінде талайдың алғысын алып жүрген Айжанның бір күндік жұмысына бүгін бізде куә болдық.
Нина Кузина. Ұлы Отан соғысы ардагерінің жесірі, тыл ардагері. 93 жастағы әлеуметтік көмекке мұқтаж қарт ана мұндай жағдайға қамқорлығына алып отырған баласы қайтыс болғаннан кейін тап болған. Нина Иванова басқа балалары болғанымен шалы салып берген шаңырақты шайқалтқысы келмесе керек өмірінің соңына дейін осы жерде қалуға ұйғарған. Сондықтан әлеуметтік қызметшілердің көмегіне жүгініп отыр. Біз қарт анамен тілдесу барысында ол Айжанға алғысын көбірек айтты. Міне біздің ауданда бұдан өзге осындай тағдыр тауқыметін арқалап жүрген жандар бар. Олардың барлығы да әлеуметтік қызметкерлердің назарынан тыс қалған емес. Сондықтан аталған саланың барлық қызметкерлеріне сарқылмас бақ-береке тілейміз!
Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ.