ӘлеуметБасты тақырып

Ұлыс күннің ұлағаты

Қазақ халқы «Жер мен көктің жаңаруы», «тіршіліктің бастауы» және «күн мен түннің теңелген уақыты» деп Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамын ұлттық мереке ретінде атап өтіп келеді. Бұл күні еліміздің басты көшелері мен алаңдарында ағаш үйлер тігіліп, мерекелік көнцерттер өтеді. Ұлттық ойындар ұйымдастырылып, атқа қонған әр қазақ баласы ұлттық ойынға деген өз шеберліктерімен халықты тәнті етеді. Мейрамның басты тағамы – Наурыз көже жеті түрлі дәмнен жасалады. Қазақтар «ырыс-береке молаяды» деген сеніммен құйылған Наурыз көжені тауысып қою керек деп сенген. Себебі «Жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер шағында» бар дәмін көпшілікпен бөле жеген ағайын дастарханды молынан жайып, ысырапшылық болдырмаудың да жолын таба білген.

Осы орайда өткен сейсенбіде, Ұлыстың ұлы күніне арналған мерекелік шаралар таңертемен басталды. Наурыз тойға жиналған қалың жұртшылыққа орталық саябақтың есігі айқара ашылды. Саябақ ішіне ағаш үйлер тігіліп, мерекеге жиналған адам қарасынан ине шаншырлық жер табылмады. Еске салсақ, соңғы екі жылда коронавирус індетіне байланысты карантиндік шектеу шараларын сақтау, қауіпті індетке жол бермеу мақсатында айтулы мереке елімізде жаппай тойланбай келді. Алайда, бұл жолы қалыптасқан дәстүрден жаңылмаған ойылдықтар орталық саябақ ішін адам шуына толтырды. Береке бастауы болған мерекеге асыға келген ағайын бірі-бірімен көрісіп, қуана жүздесті. Хәл-жайларын сұрасып, мерекелік шара басталғанша еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін Наурыз той мерекесіне ағыла келіп, көктемнің басты мерекесін ерекше қуанышпен қарсы алды.
Мерекені аудан өнерпаздары театрландырылған қойылымдармен қыздырып, жаңа жылдың басталғанын айшықтайтын, ұлттық салт-дәстүрді дәріптейтін көріністер көрсетіп, шараны әншілер әсем әнмен әрледі. Дәстүрлі рәсім Наурыз бабаның батасымен басталды. Ұлттық нақышта кейінген келіндер аудан жұртшылығына иіле сәлем салып, «Тұсау кесу» рәсімі қойылды. Сондай-ақ сахнада қазақылықтың иісін аңқытқан сахналық қойылымдар көпшіліктің жүрегінен жол тауып, ыстық қошеметке бөленді. Тоқтала кетсек, аруларымыз сері жігіттерге қолқа салып, өнерлерін тамашалап ғана қоймай ақылдары мен білімдерін сынға салды. «Жыл басының алғашқы күні – Ұлыс күні», «Наурыздың алғашқы желі – алтын күрек желі», «Жыл басының алғашқы төлі – дүбір аяқ», «Жыл басының алғашқы сүті — уыз» екенін көпшілікке дәріптеді.
Айтулы шараға арнайы қатысқан аудан әкімі Асқар Қазыбаев аудан жұртшылығын Ұлыстың Ұлы күнімен құттықтап, наурыздың елге, әрбір отбасыға ырыс-берекесімен келуіне тілектестігін білдіріп, бастарына амандық, бақ-береке тіледі. Бұл күн қазақ халқы үшін жаңа жылдың символы ғана емес, молшылық мерекесі екенін атап өтті.
Сонымен қатар үлкендерге арнайы тігілген ағаш үйлерде мекемелердің ұйымдастыруымен әзірленген ақ пен наурыз көже таратылды. Ал, саябақ алдындағы жәрмеңкеде аудан орталығындағы дүкені бар кәсіпкерлер көпшілікке қажетті тағамдар мен сусындар шығарды. «Нұрасыл» шаруа қожалығы сиыр етін 1800 теңгеден сатса, малдың жемі де жәрмеңке алаңынан табылды. «Нұр себеле, Ұлыстың Ұлы күні» атты аудан орталығындағы Наурыз той ұлттық ойындармен ұласты.
«Білекті бірді, білімді мыңды жығады», — десекте ел ішінде қандай кәсіппен, қандай саламен айнралысса да арамызда білекті де, жүректі жігіттер жүргені дұрыс. Өйткені біз ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен жаудан елін қорғаған елдің ұрпағымыз. Біз ойлағандай білекті жігіттер біздің арамызда бар екен. Оған сан мәрте куә болып келеміз. Оның жарқын көрінісіне ұлттық мерекеде тағы бір мәрте көз жеткіздік. Қол күрес сайысына тіркелген тізім бойынша күшіне мығым жігіттердің қарасы көп болды. Алайда қол күрестірудің айла, әдісін меңгергендер алға шықты. Қол күрес сайысында Ернар Тлепов үшінші орынға жайғасса, Жеткізген Омаров екінші орынды еншіледі. Ал, бірінші орынды жас болса да қарсылас шыдатпаған Бекарыс Жолдығұловқа бұйырды.
Жанкүйерлері көп болған ұлттық ойынның тағы бір түрі қошқар көтеру сайысына қатысуға қызығушылық танытқандар көп болды. Сайыстың шарты бойынша екі минут уақыт берілді. Нәтижесінде Аманбек Қаныбекұлы үшінші орынға жайғасса, Берген Жөкешов иығына салған қошқарды өте мығым көтергенімен уақыттың аяқталуына байланысты екінші орынды місе тұтты. Көкке іліккелі тұрса да қоңын жоғалтпаған қошқарды 60 асырып көтерген Ырысбек Көптілеуов бірінші орынды ұтып алды. Сайысқа тігілген саулық Ырысбекке сыйға берілді.
Келесі кезекте автокөлік тарту сайысына күшіне сенген нағыз нар жігіттер қатысты. Белгіленген жерге уақыт бойынша көлікті шапшаң сүйреген жігіттер көпшіліктің қызу қолдауына кенелді. Сайыстың қорытындысы бойынша Асыланбек Қосанов жеңімпаз атанды.
Орталық саябақ ішін дуылдатып жанкүйерлерін еріксіз ай-хойлатқан сайыстың тағы бір түрі арқан тартыс болды. Әр жылғылар бірігіп, арқан тарту ауыз бірлікпен күш біріктіретін дода екенін дәлелдеп берді. Ауданның 1983 жылы туылған азаматтары үшінші орынды иеленсе, «Наурыз» командасы екінші орынды еншіледі. 1987 жылы туылған азаматтар бірінші орынды жеңіп алды.
Көпшіліктің қызу қолдауына ие болған ұлттық ойындардың бірі қазақ күресі Ш.Бекмұхамбетова атындағы мектеп гимназиясында өтті. Боз кілемде бақтарын сынаған палуандар бірі-біріне есе жібермеуге тырысты. Әр қимылына мұқият, ширақ қимылдаған палуандарымыз қазақ күресінің әдістерін әп сәттен-ақ көрсете білді. Нәтижесінде Наурызбек Әленов үшінші орынды місе тұтса, Райымбек Кенжебаев екінші орынға жайғасты. Қазақ күресіне бала кезінен құштар болып, меңгерген Медет Құлмұқанов жеңімпаз атанды.
P.S. Көптен бері құбылып тұрған ауа райы Ұлыстың ұлы күнінде жадырап шығып, көктемнің күміс шуағы Көкжар көгінен нұрын төгіп тұрды. Біздің аймақта әлі нәубет қардың бауыры сөгіле қоймағандықтан ат спортын өткізу өте қолайсыз болды.

Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,
Ойыл селосы.

Басқа жаңалықтар