Әлеумет

Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында Үкімет басшысы Олжас Бектеновтің өңірге сапары туралы жазба жариялады

Қадірлі жерлестер!
Бүгін өңірімізге Үкімет басшысы Олжас Бектенов келді. Жұмыс сапары аясында ол Темір және Ойыл аудандарында су тасқынынан зардап шеккен тұрғындар үшін салынып жатқан жаңа үйлердің құрылыс қарқынын бақылап қайтты. Инфрақұрылымды қалпына келтіру, табиғи апаттың салдарын жою бағытындағы жұмыстармен танысты.
Бірлескен жұмыстың нәтижелі болары сөзсіз.
Облыста ең көп үй — Ойыл ауданында, оның ішінде Қаратал ауылында бой көтеруде. 210 үй зардап шексе, соның 132-нің іргетасы қаланды. Шатырлары жабылып, терезесі мен есігі салынып, 30 үйдің ішін әрлеу, сылау жұмыстары жүріп жатыр.
Ал Темір ауданының Құмсай ауылында таяуда 21 отбасы жаңа қонысқа көшеді. Мұнда да құрылыс-монтаж жұмыстары қызу.
Премьер-Министр жұмысты жеделдету үшін қосымша күштер мен резервтерді тартуды тапсырды. Бұл — құрылысты қысқа мерзімде аяқтауға үлкен мүмкіндік.
Бұдан бөлек, залал келтірілген әлеуметтік нысандар, жолдарды жөндеу және реконструкциялау үшін Үкімет пен облыс резервтерінен қомақты қаржы бөлінді. 58 көлік инфрақұрылымын қалпына келтіру жоспарлануда. Сараптама нәтижелеріне есепке ала, дереу жұмысқа кірісуге дайынбыз.
Апат салдарын жою жұмыстарына жұмыла атсалысып жатқан әр ақтөбелікке шынайы ризашылығымды білдіремін. Сіздердің қолдауларыңыз бен адал еңбектеріңіз — өңірдің табысты дамуының кепілі. Күшіміз — бірлікте!

Басқа жаңалықтар