ОЙЫЛ ӨНЕРПАЗДАРЫ ТАҒЫ ДА ТОП ЖАРДЫ

Шымкент қаласында өткен «Қызғалдақтар әлемі» халықаралық шығармашылық байқауы Ойыл балалар музыка мектебінің өнерлі өрендері үшін үлкен жеңіспен аяқталды. Ән мен биді серік еткен жас таланттар өз өнерлерін жоғары деңгейде көрсетіп, қазылар алқасының зор қошеметіне ие болды. Байқауда мектептің «Алақай» балалар хорының жоғары және кіші топтары ерекше өнер көрсетіп, ең жоғары марапат – Бас жүлдені жеңіп алды. Әсем әуезді әндерімен көрермендердің көңілінен шыққан хор мүшелері өздерінің шығармашылық әлеуеті мен орындаушылық шеберлігін тағы бір мәрте дәлелдеді. Бұл жеңістің артында үлкен еңбек пен кәсіби дайындық жатыр. Ұжым жетекшісі Ұлпан Сапарованың табанды еңбегі мен шәкірттерге деген қамқорлығы өз нәтижесін беріп, жас өнерпаздар биік белестен көрінді. Байқау қорытындысы бойынша «Алақай» балалар хорына Орал, Алматы және Ақтау қалаларында өтетін шығармашылық байқауларға жолдамалар табысталды. Өнер додасында Ойыл балалар музыка мектебінің үлгілі «Маржан» би ансамблі де тамаша жетістікке қол жеткізді. Ансамбль жетекшісі Аллагүл Ержанова дайындаған екі топ пен Ақжайнақ Талғатқызы жетекшілік ететін үш топ сахнаға төрт биді ұсынып, көрермендер мен қазылар алқасының жоғары бағасына ие болды. Нәтижесінде ансамбль Бас жүлде мен І орын иеленді.
Сонымен қатар Ақжайнақ Талғатқызы жетекшілік ететін топ орындаған қазақ биі ерекше бағаланып, «Үздік би» номинациясымен марапатталды. Бас жүлде иегерлеріне келесі республикалық байқауға жолдама берілді. Бұл жетістіктер – өнерге деген сүйіспеншіліктің, ұстаздар еңбегінің және жас таланттардың табанды ізденісінің жемісі. Ойылдық өнерпаздардың жеңісі – аудан мәдениетінің мерейін өсіріп, келешек ұрпаққа үлгі болатын жарқын жетістік.
Г.АБАЙҚЫЗЫ



