Әлеумет
ҚАРАТАЛДАҒЫ ҚОНЫС ТОЙ
Ойыл ауданы Қаратал ауылында су тасқынынан зардап шеккен тұрғындар үшін жалпы саны 126 үй салынып жатыр. Бүгінгі күні құрылысшылар толықтай салынып біткен үйдің кілттерін иелеріне табыстады. 38 отбасы жайлы әрі кең үйге көшіп, қоныстойларын тойлап үлгерді.
Қаратал ауылында пайдалануға берілген 38 үйдің бірі Таңсұлу Өскенбаеваға тиесілі. Жаңа баспанасына қоныстанған ол қиын сәттерді еске алып, бүгінгі қуанышымен бөлісті:
— Жаз бойы киіз үйде тұрдық, қолайсыздау болды. Қазір шүкір үйіміз бітіп, кіріп жатырмыз.
Мердігерлерге, құрылысшыларға, жауапты басшыларға рақмет.
Жағдайымызды біліп, келіп тұрады. Ризамыз, ауылымыз көркейе берсін, енді қиыншылықтар болмасын. Бәрімізге жаңа қоныс құтты болсын!
Баспаналы болғандар арасында Ықылас Қарабалиннің де отбасы бар.
— Биыл көктемде су тасқыны болып, елдімекеннің бәрін су алып, ауыл халқы баспанасыз қалды, мал шығыны болды. Қиын жағдайға тап болдық. Міне,3-4 айдан кейін баспаналы болып жатырмыз. Құдайға шүкір. Үкіметке, мына өзіміздің облыс, аудан басшыларына алғысымызды білдіреміз. Жағдайымызды сұрап, қолдарынан келген көмегін беріп жатыр,— дейді ол.
Ал қалған 88 үйді мердігерлер қыркүйек айында пайдалануға береміз деп отыр. Қазіргі уақытта бұл үйлердің қабырғалары тұрғызылды, шатырлары жабылды, есік-терезелері салынып, ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Көктемгі су тасқыны кезінде Қаратал ауылында 210 үйге зақым келді. Бой көтерген 126 үйден бөлек, тағы 18 баспанаға жөндеу жұмыстары жасалды, 66 отбасы өздерінің қалауымен екінші нарықтан дайын үйді сатып алды. Айтып өтейік, қаржыландыру «Қамқор-Ақтөбе 2024» қоры арқылы жүзеге асырылуда. ERG компаниясы Ойыл, Қаратал, Ақкемер, Кемер, Ақжар және Бестамақ ауылдарында 172 үйдің құрылысын қаржыландырды. Оның 63-і халық игіліне берілді.