Рухани жаңғыруСұхбатЭкономика

АБЫРОЙЛЫ ЕҢБЕКПЕН — ҚҰРМЕТТІ ЗЕЙНЕТКЕ!

Зейнетке шығу – әр адамның өміріндегі маңызды кезеңдердің бірі. Жастық шағын еңбекпен өткізген әр адамның құрметпен зейнетке шығуы абырой, кейінгіге үлгі боларлық дәреже.
Білім саласында өзіндік үлес қосқан “Жолшы” балабақшасының басшысы Ажар Мырзағалиқызын “Абыройлы еңбекпен — құрметті зейнетке” атты зейнеткерлікке шығарып салу кеші өтті. “Шұғыла” мәдениет және демалыс орталығында өткен шара барысында әріптесіміздің еңбек жолының естеліктерінен дайындалған бейнероликтер көрсетілді. Бейнебаянда еңбек жолын бастағаннан зейнет жасына дейінгі барлық жетістіктері қамтылды.
Салтанатты кеш мерекелік бағдарламамен жалғасып, қуаныш иесі өз еңбек жолындағы қызықты кезеңдермен бөлісіп, ыстық ықыласқа рақметін жеткізді. Мерейлі мерейтойға ортақтаса, қуанышты сәтінің куәсі болып аудандық білім бөлімінің сектор меңгерушісі Есенгелді Бегалин, ағайын-туыстары, әріптестері мен замандастары жиналып, жүрекжарды ақ тілектерін ақтарды.
Сонымен қатар, алғыс хаттар және естелік сыйлықтар табысталды. Зейнетке құрметтеп шығарып салу, оның талай жылғы еңбегіне алғыс айту, тұлғасына құрмет көрсету дәстүрі екендігін тілге тиек еткен аудандық білім беру қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Гүлмира Избағамбетова Ажар Мырзағалиқызына шипажайға жолдама табыстады.

Басқа жаңалықтар