ӘлеуметСұхбат

«Қазпошта» ауданның «тамырына қан жүгіртіп отыр»

ҚАЙ ЗАМАНДА БОЛМАСЫН, ҚАНДАЙ КӘСІПТІ АТАСАҢЫЗ ДА ҚОҒАМ ДАМУЫНА ҚОСАР ҮЛЕСІ ЗОР. ӘРҚАЙСЫСЫ ӨЗІНЕ ТӘН МӘНІМЕН, МАҢЫЗЫМЕН, ҚАЖЕТТІЛІГІМЕН ЕРЕКШЕЛЕНЕДІ. ҚАЙ-ҚАЙСЫСЫ БОЛМАСЫН ҚОҒАМҒА АУАДАЙ ҚАЖЕТ.

Соның ішінде пошта қызметінің алар өзіндік орны айрықша. Өйткені бұдан сәл кейінірек шегінсек, алыста жүрген жақыныңның сағынышқа толы үшбу хатын немесе сүйікті басылымын арқалай жететін пошташыны сөз жетпес қуанышпен қарсы алатын шақтар әлі де болса аға буынның есінде. Ал бүгінгі таңдағы пошташының қызметі сан түрлі. Ол тек басқаша сипат алған, әрі ұсынатын қызметі де сан түрлі. Қазіргі заман талабына сай жылдамдылық, ыңғайлылық, қолжетімділік бұл салада да орын алған. Олардың басты мақсаты – пайда табу емес, халыққа қызмет ету. Осы орайда, пошта қызметкерлерінің еңбегі де өлшеусіз. Мекеме жұмысы күнде де, түнде де тоқтамайды. Мереке күндері де қауырт жұмыс жүріп жатады. Пошта қызметкерлері уақытпен санаспайды. Осы орайда 9 қазан дүние жүзі бойынша пошта қызметкерлерінің күні. Тәуелсіз еліміздің поштасы да бұл үлкен ұйымға мүше болғандықтан той біздің қазақстандық пошташыларға да ортақ. Биыл «Казпошта» акционерлік қоғамының өз алдына дербес құрылғанына 25 жыл толып отыр. Осы атаулы күнге орай, пошта жұмысының негізгі бағыттары қандай және басқа нендей жаңашылдықтар бар екен деген сұрақтарымызға жауап алсақ деген ниетпен Ойыл аудандық «Қазпошта» торабының бастығы, осы салада 16 жыл қызмет етіп келе жатқан Рас Оралбаевамен арнайы тілдескен едік. Ендеше кезекті мереке кезіндегі кезекті сұхбатқа береміз.

— Мына тоқтаусыз өзгеріп жатқан уақыт пошта саласына да әсер етпей қоймайғаны сөзсіз. Қандай өзгерістеріңіз бар?

— Пошта торабы екінші деңгейлі банкілер сияқты қаржылық қызметтің барлық түрін көрсететіні белгілі. Өзгерісіміз де осы жайында болғандықтан бұл салаға толық тоқтала кетсем. Аудандық пошта бөлімшесінен барлық ауыл тұрғындары еңбекақысын, зейнетақысын, жәрдемақысын және аударма ақшаларын ала алады. Сонымен «Хоум Кредит», «Альфа», «Азия» банктерімен келісім-шарт арқылы аудан халқына несие беру жұмысын қайта жандандырдық. Басқа банктерден тағы бір айырмашылығымыз аудан орталығындағы қарттығы жетіп, жүре алмайтын немесе өздігінен пошта бөлімшесіне келе алмайтын мүгедек тұрғындар үшін зейнетақы мен жәрдемақыларын үйлеріне жеткізіп беру жұмыстарын жүзеге асырамыз. Сонымен бірге біздің әр тұрғын әр ауылдық округте отырып-ақ пойыз, ұшақ билеттерін сатып ала алады. Бірнеше заңды тұлғаларға есепшот ашып қызмет көрсетіп отырмыз. Пошта мекемесі ең алыс жатқан ауылдық жерлерге пошта қызметімен қатар қаржылай қызмет көрсететін бірден-бір мекеме болып табылады. Ақшалай төлемдерді төлеу, әлеуметтік төлемдер, коммуналдық төлемдерді қабылдау, келісім-шарт бойынша басқа мекемелер үшін төлемдер қабылдау (су, жылу, телефон) ұялы байланыс үшін төлемдер қабылдау қызметтерін пошта қызметкерлері атқарады. Сол сияқты бюджетке салық және басқа төлемдер төлейтін болсаңыз, не болмаса берілген тұтынушылық несиелерді өтегіңіз келсе немесе заңды тұлғалар үшін кассалық-есептік операциялар қызметтері қажет болса пошта мекемесі арқылы жасауға болады. Ерекше салмақ түсіре айтатын жай, көпшілікке бірдей салық түрі жер мен мүлік салығын пошта ешқандай үстемақысыз, тегін қабылдайды.

— Қызметтеріңіздің негізгі бағыты жайында да айтып өтсеңіз?

— Жалпы пошта байланыс қызметтеріне хат-хабарлар қабылдау-тарату, мерзімді баспасөз өнімдерін жазу мен тарату, сәлемдемелер қабылдау-тарату, келісім-шарт негізінде түрлі мекемелерден келетін жарнама материалдарын жеткізіп-тарату, телефон, зейнетақы хабарламаларын мекен-жайларға жеткізу, гибридті электрондық пошта (телеграмма) қабылдау-жеткізу және арнайы байланыс қызметтері жатады. 6 селолық бөлімшелер ауыл тұрғындарына қызмет көрсетіп отыр. Біздің поштаның бір шеті шалғай елді мекендерде болса, екінші жағынан ең алыс шет елдермен байланыс жасауға мүмкіндігі мол. «Қазпошта» АҚ Дүниежүзілік пошта одағының мүшесі болғандықтан жер шарының қандай елі болмасын хат-хабар алмасып, сәлем-сауқат жіберу ешқандай қиындық туғызбайды.

— Болашақта қандай жоспарларыңыз бар?

— Біздің басты мақсатымыз халыққа қызмет көрсету болғандықтан ауыл әкімдерімен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейміз. Алдағы уақытта Саралжын ауылдық округіне «банкомат» орнатуды жоспарлап отырмыз. Жалпы пошта ұжымы ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына одан әрі қатысып өз үлесін қоса беретін болады.

— Ұжымыңызда қанша қызметкер бар? Қоғамдық шараларға деген көзқарасыңыз қалай?

— Біздің ұжымда 21 қызметкер, 16 бірлікпен жұмыс жасайды. Барлығы дерлік өз жұмысына жауапкершілікпен қарайды. Айта кетсем Сәнзият Жексенбаева мен Сауле Нұғыманова пошта саласында ұзақ жылдардан бері қызмет етіп келеді. Біздің қоғамдық шаралардан тыс қалған кезіміз болмайды. Үнемі сенбіліктерге шығып, мерекелік шараларға атсалысып отырамыз. Оның бір дәлелі бүгінгі 25 жылдық мерейтойымызда балалар жағажайына 25 түп шырша ағашын отырғыздық. Енді оны күтіп баптап, өсіп кетуін қадағалайтын боламыз.

— Кәсіптік мерекеге орай, әріптестеріңізге лебізіңізді білдірсеңіз.

— Халықаралық пошта — бұл әлемдегі 6800 тілді біріктіріп отырған, 193 пошта әкімшілігінің Бүкіләлемдік пошта одағын бір арнаға тоғыстыратын бүкіл әлем бойынша ең ірі тасымалдаушы үлкен физикалық жүйе және жалғыз пошта кеңістігі. Мен өз әріптестерімді бүкіл әлем пошташылары тойлайтын өздерінің төл мерекелерімен құттықтаймын. Біз әрқашанда халық ортасындамыз. Пошта қызметі ауыл тұрғындарының әр отбасына хат-хабар мен сәлемдемелер ғана емес қуаныш пен шаттық сыйласын. Осы жолда аянбай қызмет жасап жүрген барлық қызметкерлерге өз мақсаттарына жете беруі үшін үлкен күш-жігер, табыс тілеймін!

— Айтқаныңыз келсін! Толымды істеріңізге тек сәттілік тілейміз.

М.ҚҰБАЕВ,

Ойыл селосы.

Басқа жаңалықтар