Әлеумет

Ауылдың әлеуеті адамында

Өткен аптада аудан әкімі Асқар Қазыбаев Саралжын ауылдық округінің Ақкемер, Тайсойған елді мекендерінің тұрғындарымен кездесті.

Қиылдың бойын қиялай қонған шаруаға қолайлы ауылда басты мәселе мектептің болашағы. Мектеп дегенде осыдан төрт жыл бұрын салынған жаңа мектеп бар. Тек мәселе – бала санында. Өйткені, су жаңа мектеп қаңырап қалғалы тұр. Орта мектеп деген аты ғана қалды. Небәрі 66 оқушы қалыпты. Ауыл тұрғындарының сауалдары да аз емес екен. Алайда, сауалдың бәрінің негізі сайып келгенде жол қатынасына тіреледі. Әрине, 11 шақырым жол бір ауылды ойландырып отыр. Әсіресе, қыс кезінде. Сол жолдың жырақтығы жастардың қалаға «қашуына» түрткі болып отырса керек. Дегенмен, ауылда тұрып, шаруасын дөңгелетіп отырғандар жеткілікті. Сондықтан, аудан әкімі де ауыл тұрғындарын шағын кәсіпкерлікпен айналысуға шақырды. Өйткені, ауылда атаулы көмекке «ауыз ашып» отырғандар көп. Сонымен қатар, Саралжындағы дәрігерлік амбулаторияның қызметіне сын айтушылар да аз болған жоқ. Бұрын негізінен лиманды шабындыққа иек артатын тұрғындар әлі шөп түсірмепті. Биыл көлтабанды шабындыққа су шыққан жоқ. Малдары еркін жатқан ауылда шабындықты қорғау, қору да басты мәселе болыр отыр.
Ал, Тайсойған ауылының тұрғындары негізінен ауыз су мәселесін көтерді. Ауылға салынып жатқан мектеппен қатар көгілдір отынның құбыры тартылып, күзде үлкен қуанышқа кенелгелі отырған тұрғындарға әкім негізінен үйдің құжаттарын ертерек қамдауды ескертті.
Екі ауылда да тұрғындар тарапынан қойылған сауалдарға сала басшылары жауап берді.

Басқа жаңалықтар