Басты тақырып

Биылғы құрбан айт бұрыңғыдан өзгерек

Ойыл ауданында  карантин  кезінде  құрбандық шалу шаралары тоқтамады. Шектеу шараларына байланысты мешіт алаңында қалың көпшілікті жиып құрбандық шалынған жоқ. Алғаш рет мешітте айт намазы оқылмады.  Дегенмен биылғы Құрбан айт бұрынғыдан өзгерек болды.

 

Діни басқарма ел мұсылмандарының өтінішін ескере отырып биылғы жылы алғаш рет  қашықтан құрбан шалу жобасын іске асырды. Құрбан айт кезінде Ойыл ауданы бойынша 6 ірі қара 82 ұсақ жандық  қашықтықтан шалынып, әлеуметтік  жағдай төмен 138 отбасына  таратылды. Сонымен қатар Ойыл аудандық мешітіне  мұқтаж  жандарға арнап ірі қара, қой еттерінен 100 кг ет әкелінген. Әкелінген етті мешіттің бас имамы Нұрсылтан Серікұлы бастаған мешіт еріктілері  өңірдегі мұқтаж жандарға табыстады. Қашықтықтан шалынған құрбандық етін көмекке зәру жандарға тарату тәжірибесі Түркия, Малайзия, Индонезия, Біріккен Араб Әмірліктері сынды бірқатар мұсылман мемлекеттерінде бұрыннан қалыптасқан. Бұл жүйенің басты ерекшелігі Құрбандық еті түгелдей мұқтаж азаматтарға таратылады. Елімізде алғаш рет әлемді жайлаған індеттің салдарынан қолға алынған шара Ойыл өңірінде де оң нәтижесін берді. Сондай-ақ Құрбан айт кезінде «Мың алғыс» республикалық акциясы аясында ауданның мәдинет, білім саласы, Ойыл ауылдық округі «Nur Otan» партиясының Ойыл аудандық филиалы, Жастар ресурстық орталығы бірлесе, аудан ауруханасында қауіпті  індет кезінде вирус жұқтырған науқастармен тікелей  жұмыс  жасаған медицина қызметкерлеріне алғыс айту шарасын ұйымдастырды. Жағдайы келген әрбір мұсылманға құрбан шалу, игі іс жасу уәжіб екені белгілі.  Барша мұсылманның қасиетті мерекесінде халық ерте тұрып,  бұрынғыдай таза киім киіп, хош иісті әтірді сеуіп, мешітке бара алмаса да сауапты істен құр қалмай әр мұсылман өз аулаларында құрбандық шалып шамасы жеткенше 3 мұқтаж жанға көмек қолын созды.  Бұрын құрбандық етінің үштен бірі құрбан шалған адамға берілетін, ол сол еттен тағам әзірлеп, ағайын-туыс, көрші-қолаңға дастархан жаятын. Алайда карантин кезінде мұндай шаралар өткізуге тыйым салынғандықтан, құрбандық еті түгелдей мұқтаждарға таратылады.

Венера АСҚАРҚЫЗЫ,

Ойыл селосы.

 

 

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар