Әлеумет

«Ғұн-сармат кезеңі ескерткіштерінің архитектоникалық және кеңістікті сараптамасы» жобасы бойынша археологиялық барлау жұмысы

Облыстық тарихи-өлкетану музейі археологиялық тобының барлау жұмыстарының көбі Ойыл ауданында және Көптоғай ауылдық округі аумағында жүргізілді. Археологиялық барлау жұмысының нәтижесінде Ойыл өзенінің сол жағалауындағы Самбай-I, Шөптікөл-I және II, Ақшатау-II және IV, Көптоғай-I-IV және т.б ескерткіштер зерттелді. Ескерткіштердің дені судан жоғары жерде орналасқан және топырақтан үйілген жерлеу және ғұрыптық нысандарының ірі кешенінен тұрады.
Жұмыс мақсаты — б.з II-IV ғ. ғ. жерлеу-ғұрыптық кешендерін анықтау және тіркеу, осы кезең ескерткіштерінің шоғырлануы басым микроаудандарын анықтау. Қорымдар қорғандардан, гантель тәріздес және төртбұрышты құрылыстардан, т.б. тұрады. Қорымдардың көбі өзенді жағалай созыла орналасқан, нысандар шынжырлы реттілікті құрайды.
Аудандағы ескерткіштерді картографиялық зерттеу барысында олардың Ойыл өзені мен салаларына байланысты екені анықталды. Аумақ картасындағы ғұн-сармат кезеңінің ескерткіштері төрт топты құрайды. Негізгі ірі тобы Ақшатау, Көсембай және Қоңырат (Ойыл өзені) ауылдары аумағында орналасқан. Екінші тобы Шиқұдық ауылы маңындағы Қиыл өзенінің оң жақ бөлігін құрайды. Үшінші тобы Ойыл ауданының солтүстік бөлігінде, Жақсыбай өзені салалары мен сайларды бойлай топтасқан. Төртінші топтағы ескерткіштер биыл зерттелді және Ойыл ауданының батыс бөлігінде орналасқан.
Ойыл ауданының ескерткіштері Қазақстанның орталық аймағынан басталып, солтүстік-батысты бағыттай Орал өзеніне және батысқа  қарай созылған ғұн-сармат кезеңі ескерткіштерінің жалғасы болып табылады. Бір қызығы, облысымыздың солтүстік және оңтүстік аудандарында бұл ескерткіштердің саны азайып және қорғандар жеке өз алдына топтарды құрамайды. Қазіргі уақытта Ақтөбе облысында б.з II‑IV ғ. ғ. жататын ескерткіштер шоғырланған бірнеше микроаудандарды белгілеуге болады.
Ғарыштық фотосуреттер және аэрофотосуреттер мен қорым нысандарына жүргізілген қазба жұмыстарынан б.з II‑IV ғасырындағы Батыс Қазақстан аумағы кейінгі сарматтық аталатын өзіндік мәнге ие мәдениетті мұраға қалдырған ірі тайпалық одақтардың өмір сүрген орны екенін көрсетеді. 

Қаздыарал-І орнындағы зерттеулер
Ескерткіш Ойыл өзенінің сол жағалауында, Қаратал ауылынан 1,9 шақырым оңтүстік-батыс бағытында орналасқан. Жұмыстың басты мақсаты — Қаздыарал-І орнындағы апатты жерлеулерді зерттеу. Құмның қалдықты төбелерінде тас ғасыры мен ортағасырлық түрлі заттарымен бірге табылды.
Ескерткіш алғаш рет 2012 жылы табылды. Қаратал ауылының тұрғындары аудандық музей қызметкерлеріне бұл жерде мүрде сүйектері мен археологиялық заттардың табылғанын айтып, хабар берген. Сол жылдың сәуір айында облыстық тарих, этнография және археология орталығы және Ш.Берсиев атындағы аудандық музей қызметкерлері бірігіп, аумақты қарап, табылған заттарды жинау жұмыстарын жүргізді.
Үстіміздегі жылы Қаратал ауылының тұрғындарымен табылған қосымша заттар анықталды. Соның ішінде сүйір түбі бар қыш ыдысы табылды. Осы жылдың шілде айында облыстық тарихи-өлкетану музейі қызметкерлері мен аудандық музей өкілдерімен бірігіп, аталған аумақта тағы да қосымша тексеру жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде ескерткіш орнында жаңадан археологиялық заттар және түрлі уақыттағы бейітүсті құрылыстары жоқ жерлеу орындары жер бетіне шығып, ашық күйде бұзылу қауіпі анықталды.
Биылғы жылдың қазан айында облыстық тарихи-өлкетану музейімен археологиялық экспедиция ұйымдастырылып, нәтижесінде түрлі хронологиялық шеңбердегі бірнеше жерлеу орындары зерттеліп, көтерме заттай жәдігерлер жинақталды. Археологиялық тас олжалар түрлеріне қарап, ескерткіш орналасқан аумақтың неолит дәуірінде игерілгенін айтуға болады. Б.з.б. III мыңжылдықта ескерткіш аумағында бірінші жерлеу орындары пайда болған. Оған солтүстік-батыс бөлігіндегі тазартылған жұптық жерлеу орны жатады. Жерленген сүйек шалқасынан, аяқтарын бүгіп, бастары солтүстік-шығысқа бағытталып жатыр. Қанқа жанында мүйізді ұсақ мал сүйектері табылды.
Қаздыарал-І орнындағы б.з.б ІІ мыңжылдыққа тән белгілі бір орналасу заңдылығы бар. Құмды алаңның орталық бөлігінде қола дәуірінің басты жерлеу орны орналасқан. Пішіні (дөңгелек, төртбұрышты) мен бағытталуы әртүрлі. Өкініштісі, табиғи бұзылу мен қарақшылық тонау әсерінен археологиялық олжалар аз, бірнеше сүйектер мен қыш ыдыстар қалдықтары ғана табылды. Солтүстік-батыс бөлікте сол уақыттың тағы бір жерлеу орны табылды. Қанқа сүйектері сақталмаған. Жерленген сүйек маңында қола пышақ, шекеліктер, қыш ыдыс қалдығы мен моншақ бар.
Ерте темір мен орта ғасырларға жататын жерлеу орындары солтүстік-шығыс бөлікте анықталған. Бұл кезеңнің бейіттері құмды топырақта немесе қабір шұңқырында болған. Заттары алуан түрлі: қола және темір жебе ұштары, ыдыс немесе оның қалдықтары, шекелік әшекейлер, т.б.

Аслан МАМЕДОВ,
облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері, археолог.

Басқа жаңалықтар