Білім

Терең білім — Тәуелсіздігіміздің тірегі

«Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, білім, ар, мінез деген қасиеттерімен озады», - деген ұлы ақын Абай сөзі барлық уақытта да өз мәнін жойған емес. Ауданымыздағы дарынды балаларды анықтау, шығармашылық қабілеттерін дамыту, теориялық білімі мен тәжірибелік шеберлігін тереңдету, жеке тұлғаның өзін-өзі дамытуына ықпал ету мақсатында оқушылардың Республикалық олимпиадасының II (аудандық) кезеңі жыл сайын дәстүрлі өткізіліп келеді. Тұғыры биік еліміздің ертеңі бүгінгісінен де жарқын болуы – рухы асқақ, өресі биік, білімді де талантты ұрпақ қолында екені сөзсіз.

«Жасампаз елдің жастарына әркез сеніммен қарайтын Елбасы: «Жастары жалын жүректі, өршіл намысты, биік рухты болса, ол елдің еңсесі биік болады», — деген еді. Оның «Өмір бойы білім алу» қағидаты әр ұрпақтың ұранына айналуы тиіс. Өйткені адам үнемі ізденісте болады, білімділікке талпынады, даналыққа жол ашады – дей келе Ойыл ауданының білім бөлімінің басшысы С.Меруенов Олимпиаданың жүру тәртібі және ережелері жөнінде де айтып өтті.
Жалпы білім беретін пәндер бойынша Республикалық олимпиаданың II (аудандық) кезеңі 2021 жылғы 8- 12 ақпан аралығында Ойыл қазақ орта мектеп базасында санитарлық норманы сақтай отырып, офлайн түрде өткізілуде. Олимпиадаға қатысуға барлығы 12 пән бойынша 251 оқушы өтінім берді.Қазіргі таңда 2021 жылдың 8 ақпанында кесте бойынша сағат 09.00 -11.00 аралығында математика, физика пәндері бойынша өтіп, 14 мектептен физика пәнінен 14 оқушы, математика пәнінен 25 оқушы қатысты. 13.00-16.00 аралығында химия, биология пәндері бойынша өтіп жатыр, химия пәнін – 14 биология пәнінен -25 оқушы өз білімдерін сынауда. Олимпиадаға «Нұр Отан» партиясының өкілі, ата-аналар комитетінің төрайымдары және баспасөз өкілдері бақылаушы ретінде қатысып отыр.
Олимпиада бір турдан тұрады: I тур – жазбаша түрде жүргізіледі.
Пәндік олимпиаданы өткізу барысын бақылау үшін тәуелсіз сарапшылар ретінде Ойыл аудандық мәслихат хатшысы Сәкен Займолдин мен аудандық мәслихат депутаты Исатай Берғалиев шақырылды. Білімнің шамшырағын жағатын білім додасында шын жүйріктің оза шабуына тілектеспіз.

Басқа жаңалықтар