ӘкімдікБасты тақырып

Оңдасын оразалин: Ауыл мемлекеттің қолдауын сезінуі керек!

Өткен жұма күні облыс әкімі Оңдасын Оразалин жұмыс сапарымен Ойыл ауданына келді. Сапары барысында Оңдасын Сейілұлы Ойыл ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуымен танысты. Өңір басшысы барған Саралжын ауылдық округінде 2154 адам тұрса, олардың 1190-ы экономикалық жағынан белсенді жаста, 590 адам кәмелетке толмаған, 273 зейнеткер, 492 адам өзін өзі жұмыспен қамтып отыр. Үш ЖШС, 39 жеке кәсіпкер, 45 шаруа қожалығы және т.б. жұмыс жасап жатыр. Солардың бірі 2000 жылдан бері асыл тұқымды қой шаруашылығымен айналысып келе жатқан «Нұр Асыл» шаруа қожалығы. «Нұр-Асыл» шаруа қожалығының жетекшісі Аманғали Өмірғали облыста асыл тұқымды еділбай қойын өсіруші ретінде танымал. Қазіргі уақытта оның отарында 1000-нан астам саулық қой бар. Жаңа істі 2000 жылы қолға алған кәсіпкердің шаруашылығына арада он бес жыл өткенде асыл тұқымды мәртебесі берілген. Бүгінде ол жылына 400-500 ұрғашы тоқты сатуға шығарады. Аманғали Өмірғали облыс әкіміне өздерінің жұмыс барысы туралы айта келіп, жергілікті атқарушы органмен қатар, Үкімет тарапынан да тиісті қолдаулар жөнінде ой бөлісті. Оңдасын Оразалин бұл мәселеге қатысты салалық мекемелердің қазіргі уақытта жүйелі жұмыс жүргізіп жатқанын айтты.
Шаруашылық жетекшісі Аманғали Исағалиұлымен тілдескен өңір басшысы мемлекеттің ұсынып отырған бағдарламаларға қатысу арқылы шаруашылықтың ауқымын ұлғайту туралы ұсыныстарын жеткізді. Былтыр қожалық «Қазагроқаржы» қаржысы есебінен 9,5 млн теңгеге арнайы техникалар жаңартылып, ауылшаруашылығы агрегаттарын сатып алыпты.
Оңдасын Оразалин сондай-ақ, 1600 гектар аумағы бар, оның 130 гектары суармалы жер, өсімдік және мал шаруашылығымен айналысып отырған «Спарта» шаруа қожалығының жұмысымен танысты. Биыл кәсіпкер Спартак Төремұратов 30 гектар жерге жоңышқа мен көкөніс өсіруді жоспарлап отыр. Оның бұл бағытта тәжірибесі бар, өткен жылы ол 350 тонна бақша дақылдарын алды, биыл жемшөп өндірісін де дамытуды қолға алып отыр. Өзінің қажеттілігінен артқан өнім көрші Атырау облысына сатылмақ.
«Спарта» шаруа қожалығының жетекшісі Спартак Төремұратовтың қарбыздары қазір облыс көлемінде сұранысқа ие. Маусымдық жұмыстарға 5 жұмысшы тартылды.
«Қазақ су шаруашылығы» кәсіпорны Батыс Қазақстан филиалының мамандары «Спарта» шаруа қожалығының тағы да 200 гектар жерін суландыру үшін инфрақұрылымдар жүргізуде. Бұл суармалы алқап жоңышқа өсіруге пайдаланылады.
«Спарта» шаруа қожалығы сонымен бірге мал шаруашылығымен де шұғылданады. Сондықтан да биылғы жылы мал азығы үшін егілетін дақылдарға көңіл бөліп, жоңышқа өсіруді қолға алды. Оған жағдай да бар. 1600 гектардың 130 гектары — суармалы алқап. Таяу күнде жоғарыда айтылған 200 гектар суармалы алқап және пайдалануға беріледі.
Облыс басшысы бұл шаруаларға ырзашылығын білдірді.
— Мемлекет ауыл шаруашылығы өнім өндірушілеріне субсидия, кепілдік және басқа тетіктер арқылы үнемі қолдау көрсетеді, — деп сендірді Оңдасын Оразалин. — Сіздердің тірліктеріңіз арқылы ауыл адамдарының мал шаруашылығымен шұғылдануға көбірек бетбұрыс жасай бастағанына тағы бір мәрте көз жеткіздік. Қазір төрт түлік малды да көбейтуге ықылас байқалады, сондықтан да жайылымдықтар мәселесін оңтайлы шешу керек. Осыған байланысты жайылымдықтарды суландыруға көбірек көңіл бөлуіміз қажет.
Аудан әкімі Асқар Қазыбаев Ойыл ауданының дамуы, сонымен қатар, тұрғындардың өмір сапасын көтеру шаралары туралы баяндады. Ойыл ауылында өңір басшысы Н.Оноприенко көшесінің орташа жөндеуінің жұмысының барысымен танысты. Жалпы, аудан орталығында 108,5 млн. теңгеге ұзындығы 2,3 шақырым болатын бес көше жөнделіп жатыр. Ойыл селосындағы жол құрылысы биылғы жылдың соңына дейін аяқталады. Келесі нысан Ойыл ауылында «Туған жерге тағзым» акциясы аясында жасақталған «Денсаулық » аллеясы» болды. Жаңа демалыс аймағы орталық аудандық аурухана ұжымының арқасында ашылды. Мұнда Оңдасын Оразалин шырша отырғызды. Орталық аудандық ауруханаға жүктіліктің ерте кезеңінде ұрықтың сырқатын анықтайтын фетальді монитор берілді. Құны 1,7 млн. теңге болатын жабдық бюджет қаражатынан тыс ақшаға сатып алынды. Өңір басшысы аудан басшылығына санитарлық-эпидемиологиялық жағдайды қадағалауды күшейтуді, тұрғындар арасында екпе жөнінде түсіндіру жұмыстарын жандандыруды тапсырды.
Сондай-ақ, облыс әкімі облыстық маңызы бар «Ақпан-2030» ЖШС мердігер мекемесі 110-125 шақырым жерге орташа жөндеу жүргізіп жатқан «Шұбарқұдық-Ойыл-Қобда-Соль-Илецк» автокөлік жолын қарап шықты. Жол активтері сапасының ұлттық орталығы өкілдері жұмыс сапасын тексеру үшін Оңдасын Оразалиннің көзінше сынама алды. Жылжымалы зертхана экспертизасының нәтижесі асфальтбетон жабындысының барлық стандарттарға сәйкес екендігін көрсетті. Бұл ретте облыс әкімі мердігер мекеменің жұмысты белгіленген мерзімде аяқтамағанына наразылығын білдіріп, жұмысты тез аяқтауды тапсырды. Ол мердігерлерге: «Өңірде жүзеге асырылып жатқан барлық жол жобалары менің үнемі бақылауымда. Жол мәселесі біздің облыс үшін өзектілердің бірі болып қала береді. Сіздердің міндеттеріңіз өздеріңізге алған міндеттерді сапалы әрі мерзімінде орындау. Олай болмаған жағдайда бәрін қайта жасауға тура келеді»,— деп ескертті. Ш.Берсиев атындағы ауылдық округте өңір басшысы «Ақжол М» ШҚ-да болды. Қожалықта 150 бас ірі қара мал бар, оның ішінде 88 асыл тұқымды сауын сиыр, 80 жылқы. «Ақжол М» мемлекеттік қолдауды белсенді қолданады, «Сыбаға», «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламалары аясында 16,5 млн. теңгеге несие алып, «ҚазАгроқаржы» АҚ қаржысына МТЗ-1 трактор сатып алды.
Облыс басшысы Ойыл ауданына сапары барысында селолық елді мекендерде мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылу барысы мен сапасына ерекше назар аударды. Ол ауданның тұрғындары мен кәсіпкерлеріне мемлекеттік қолдау механизмдері мен тетіктерінің тиімді және жан-жақты дамуға қалай көмектесіп жатқандығын көзімен көрді.

Серікбай ҚОЙБАҒАРОВ,
Ойыл селосы.

Басқа жаңалықтар