Әлеумет

Іскерлік байланыс іргелі істерге ұйытқы болса…  

Экономикасын бірыңғай ауылшаруашылығы саласымен, тұрмысын төрт түлігімен түзеп отырған отырған Ойыл ауданы көштен қалып көрген емес. Жылдық көрсеткіштерге сүйенсек, сүйсінерлік істер көп. Өндірісі жоқ демесең, өрісі бар, түрен салған табысы бар өңіріміз өзге аудандармен салыстырғанда табиғи өнімдерімен ерекшеленеді. Ал шағын және орта бизнесті дамытып, кәсіпкерлік субьектісін көбейтуге кедергі жоқ. Үкіметтің бағдарламалары  арқылы бағытын тапқан жеке кәсіп иелері  қазіргі заман талабына сай сұранысты тап басып жергілікті жерден қанағаттандыруға жаппай қадам басты. Әр кәсіпкер өз ісін жыл сайын кеңейтіп, тәжірибе жинақтап аумақтың перспективасына үн қосуда.

Дегенмен өз білгеніңді кәдеге жарату үшін өзгеден үйренудің пайдасы көп. Бәсекеге қабілетті болуы үшін басқаның жұмысымен танысып, біліп, ортақ пайдалы істі жандандыру бизнестің талабы. Осындай мақсатта ойылдық делегация Мұғалжар ауданында болып қайтты. Облыстағы іргелі аудан, әлеуеті бізден әлдеқайда жоғары, орталығы Қандыағаш қаласының тынысын байқап, тәжірибе алмасу мақсатында аудан әкімінің орынбасары Асылан Кенжебаев бастап барған делегаттардың ішінде сала басшылары, кәсіпкерлер бар. Инфрақұрылымға қатысы бар мекеме басшылары мен өкілдері  Қандыағаш қаласындағы әлеуметтік нысандарды аралап, құрылыс жұмыстарымен танысты. Алдымен Сағашилі ауылынан басталған сапар бау-бақша егіп отырған шаруашылықтардың тынысымен танысудан басталды. Жарсайдағы бірнеше жылдан бері жерге дән егіп, өнімін шығынсыз алып отырған «Танысу Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде болды. Шаруашылық басшысы диқан С.Қойшыбеков оншақты гектар жерге көкөністің бірнеше түрін еккен, қазір барлық дақылы пісіп тұр. Тұқым салудан бастап, жерге егудің уақытын, жаңаша әдістерін айтып, тәжірибесімен бөлісті. 2 жарым гектар жерді алып жатқан қарбыз түйнектерінің көптігі, әрі үлкендігі біздің қонақтарды таңдандырмай қоймады. Ешқандай дәрі қоспасынсыз таза жердің өз нәрімен өскен қауын-қарбыз, қияр-қызанақтары аудан түгілі облыс орталығында да тұтынушыларын тауып отыр. Сайфудиннің осынша алқапты жайқалтуы жайдан-жай емес екен. Бірінші егуге, баптауға, арнайы техникалық құралдар керек екен. Ал оның барлығын шарушылық басшысы өз қолымен жасапты.  Ол да осындай құралдарды әр жерден көргендерін, шын ниет болса өз қолынан келетінін, сөйтіп қазір өзі жасап шығарған құралдары бақша жұмысына көп көмегі тигізгенін жеткізді. Сонымен қатар суару әдістерін де көрсетті. Табиғаттың төл өнімі қарбыздан ауыз тигендер оның дәмділігіне тәнті болды. Одан кейін Ақкемер ауылындағы тағы осындай бақшалы алқапқа барып, суару әдістерімен танысты.

Қаланың әлеуметтік нысандардың ішінен саябақтар көз тартса, қаланың қақ ортасындағы балалар ойын алаңы дәл қазір біздің ауданға да керектігіне көз жетті. Ішінде жаңа талапқа сай барлық жағдай жасалған. Әсемділігі бала түгіл үлкенді де қызықтырып әдемі ойын бөлмелері көздің жауын алады. Қандыағаштың тағы бір мақтанышы шұжық даярлайтын орталығы бар. Сонда болған делегаттар кәсіп иелерінен оның қаржысын, тиімді тұстарын, кірісі мен шығанын анықтап сұрап алды. Мұндай орталық бізге де кезек күттірмейтін керек нысан.

Міне, қос ауданның басшылары «жақсыны көрмекке жинаған» сапары осындай келелі істерімен есте қалды. Мұғалжар ауданының әкімі Ербол Жеткергенұлы мен Ойыл ауданының әкімі Дастан Сағыров  бұдан былай қос аумақтың ахуалын бір-бірімен байланыстырып, ауданның экономикасын көтеруге бірлесіп жұмыс жасауды қолға алатын болды.

Өйткені тоғыз жолдың торабындағы өндірісті орталықтан біздің үйренеріміз көп. Ал мұғалжарлықтар болса, соның ертеңіне-ақ біздің ауданға келіп аралап, әсем табиғатын туризмге сай екенін, түгін тартса, майы шығатын жерімізде бәрін де жасауға болатынын, экологиясы сақталған тағамдарымыз бен суымыздан дәм татып табиғи дәмділігіне бастарын шайқап кетті.

Самат НАРЕГЕЕВ.

Басқа жаңалықтар