ӘлеуметБасты тақырып
Ойыл өзені апаттық жағдайда тұр!
Ойыл өзенінің тартылып, құрғап, кеуіп бара жатқаны тұрғындарды алаңдатуда. Кезінде аққуалар қонып, айдың жарығымен сыланатын сұлу өзеннің бүгінгі жағдайы көңіл көншітпейді. Өзеннің суы жылдан-жылға тартылып, кеуіп балықтары қырылып, экологиялық апаттық жағдайда тұр. Өзен осылай тарылып, кеуіп кетсе 800 шықырым Ойыл өзеннің бойы шөл далаға айналуы бек мүмкін.
Ақтөбедегі Қызылбұлақтан бастау алып Атыраудағы Тайсойған құмына барып сіңетін алып өзен бүгінде бөлініп-бөлініп, бірнеше шағын көлшіктерге айналудың аз-ақ алдында тұр. Бұл оқиға аймақ тұрғындары мен табиғат жанашырларының арқасына аяздай батып отыр. Қолда барда алтында бағаламаса табиғи байлықтарымыз бен үлкен өзеннен жұрнағы да қалмайтын сыңайлы. Тұрғындардың жан айқайы арна кетсе Барқын кетеді, Барқын кетсе бұл жерде ел-жұрт ұзақ уақыт тұрақтап отырмайтындықтарын айтады. Мұрат Мөңкеұлының: Еділді тартып алғаны – Етекке қолды салғаны. Жайықты тартып алғаны – Жағаға қолды салғаны. Ойылды тартып алғаны – Ойындағысы болғаны, – дегеннің кебі келмесін!
Осы орайда Ойыл өзенінің тағдырына алаңдаған бір төп табиғат жанашырлары Сақтаған Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінің қолдауымен «Ойыл өзенін қалпына келтіру» тақырыбында Республикалық онлайн конференция өткізді. Конференцияның басты мақсаты экологиялық апаттың алдын алу. Онлайн конференцияға Атырау облысының әкімінің орынбасары А. Наутиев, «Су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі Жайық Каспий бассейндік инспекциясының басшысы Г.Азидуллин, Қызылқоға ауданының әкімі Н.Бисембаев, Миялы ауылының тұрғыны Е.Нұров, Қаракөл ауылының тұрғыны Жалғас М. Қаракөл ауылының тұрғыны Е.Шәріп, Ақтөбе облысы бойынша: Ойыл ауданының әкімінің орынбасары А.Кенжебаев, Мұғалжар ауданының әкімінің орынбасары Н.Ержанов, С.Байішев Ақтөбе университетінің экология пәнінің аға оқытушы А.Дадин, Ақтөбе облысы, Темір ауданы, Қайыңды ауылының тұрғыны Ә. Кенжебайұлы қатысып өзекті мәселелерге тоқталып, пікірлерін ортаға салып, экологиялық апаттан шығу жолдарын қарастырды. Ақтөбе қаласы Сақтаған Бәйішев атындағы Ақтөбе университеті, жоғары медициналық колледждің оқытушысы, дәрігер, Нұрлан Ізденұлы Ойыл өзені бұрындары теңіз болып тасып жататын, ал қазіргі таңда өзен арнасы тарылып экологиялық апатқа ұшырап отырғандығын айтады.
«Біз, Ақтөбе облысы, Ойыл ауданы, Қаракемер ауылында 1977 жылға дейін тұрдық. Сол жылдары Ойыл өзені теңіз болып тасып жататын. Өзен тасығанда, су деңгейі 10 метр, одан да жоғары көтерілген. Құтқарушы вертолеттер Ойыл өзенін бойлай ұшып жүретін, маторлы қайықтармен су мамандары күндіз, кеш батқанша кезекшілікте болатын. Қаракемерде ол кезде 8 жылдық мектеп болды, көрші Добров мен Ақшатау бөлімшелерінен келіп оқитын оқушылар өзен тасығанда 10-15 күн сабаққа келе алмаушы еді. Мектептің ортасында терең сай болды, сол сайдан көктемде 10-15 күн қырдан өзенге қарай сарқырап су ағатын, ол судан атпен де өте алмаушы едік. Судың сарқырап аққан даусы тұнде үйге естіліп жататын.
Бұны айтып отырғаным, Ойыл өзені бұлақтардан бастау алып, су деңгейін жоғалтпайтын, көктемде қар-жаңбырдың суымен толығып, сең көтеріліп, су тасығанда жаңарып тұратын. Ойыл өзені жер асты, жауын-шашын суымен толығады, бірақ бұлақтардан аққан су өзен деңгейін, ағысын ұстап тұрады. Бұлақтарды негізсіз себептермен бітеп тастағаннан, жеке қожалықтардың бөгеп алғанынан, бұлаққа жауапты мамандардың дұрыс қарамағандықтарынан бітелуге жақын, баяу, далаға ағады, не өзенге жетпей жерге сіңіп кетеді. Ол кездегідей күзде жаңбыр, қыста қар жаумай кетті. Соның кесірінен соңғы 30 жылда Ойыл өзені бұрынғыдай тасымай қалды» — деді.
ҚАУІП ҚАЙДАН?
Ойыл өзенінің қазіргі таңдағы экологиялық апатты жағдайы ақ жағалыларды алаңдата қоймайтын сыңайлы. Конференция барысында Ойыл өзеннің жағдайына алаңдаған жанашырлар Ақтөбе облыстық әкімдігіне ұсыныс хаттарын жолдағанымен жауапсыз қалғандықтаны айтады. Сонымен қатар, Ойыл өзендерін бөліп алып, бөгеп, бөгет салып алған жеке қожалықтардың әрекеттері тексеріссіз қалып отыр. Ал, мамандар өзеннің құрып бара жатқандығын табиғи құбылысқа балайды. Қар мен жаңбыр суының жетіспеушілігінен деп отыр. Бүгінде «Ойылым — арнам ағысы қатты» — деген жыр жолдары арманға айналып бара жатқандай. Ойыл өзені Ақтөбе облысындағы Қандыағаш темір жол станциясының солтүстік-батысында 50 шақырым жерден (Қызылбұлақ деген жер) басталып, Атырау облысы, Тайсойған құмында бірнеше тармаққа бөлініп, Каспий маңы ойпатындағы Жалтыркөл, Ақтөбе көлдері аралығындағы Қаракөл қонысы тұсында тартылып қалады (құмға сіңіп кетеді). Ойыл өзенінің жалпы ұзындығы 800 шақырымнан астам екенін ғалымдар айтып та, жазып та келеді. Жоғарғы және орта бөлігіндегі аңғары терең сай-жырамен тілімденген, төменгі бөлігі белесті жазықпен ағады. Негізгі арнасының ені 20 – 40 метр болған. Ірі салалары Ащыойыл, Кенжалы, Қайыңды, Қиыл. Жайылмасы – Ақтөбе, Атырау облыстары шаруашылықтарының шабындығы. Ойыл өзенінің суымен егін, баубақша, мал суарылады. Өзен бойына Миялы, Көптоғай, Қаратал, Ойыл, Добров, Қаракемер, Ақшатау, Шиқұдық, Саралжын, Көсембай, Аманкелді, Қайыңды, Бабатай, Сарытоғай т.б. елді мекендер орналасқан. Аталған елді мекеннің халқы Ойыл өзені арқылы күн көріп келеді. Ал, жыл сайын өзеннің арнасы тарылып, балығы қырылып, жоғалуға айналса, халық та бұл жерде ұзақ тұрақтамайтыны айқын. Табиғи құбылыс яки адамдардың өзенге тастаған қоқыс қалдықтарының салдарынан деп жайбарақат қарап отыруға болмайды. Келген қауіптің алдын алып керекті шаралар уақытында жүзеге асқан жағдайда ғана Ойыл өзенін сақтап қала алатындықтарын айтады.
НЕМҚҰРАЙЛЫЛЫҚ ҚАТЕРГЕ ҰРЫНДЫРАДЫ
Ақтөбе облысы бойынша Мұғалжар, Темір, Ойыл аудандарына және Атырау облысы, Қызылқоға ауданына қарасты елді мекендердің халқы, 4 түлік малы, жануарлар, жәндіктер, балықтар қуаңшылықтан туындайтын іш ауруларына, паразиттік ауруларға, тері ауруларына т. б. жұқпалы инфекциялық ауруларға шалдығу қаупі жоғары. Сондықтан аталған елді мекен әкімдері, экологтар, гидрологтар, дәрігерлер, обаға қарсы бекеттердің мамандары, ветеринарлар, Ойыл өзені бойында орналасқан елді мекендердің жауапты мамандары, имамдары, ақсақалдары, азаматтары т. б. бірігіп алдын алу шараларын қолға алулары қажет. Немқұрайлықтың салдары елді мекен халқын қатерге ұрындыруы да мүмкін. Мұның барлығы конференция айтылған тұжырымдар. Сонымен қатар, конференцияға қатысып ой пікірлерін білдірген бір топ азаматтар билікке өз ұсыныстарын жолдады. Аталған ұсыныстарға Ойыл өзені табиғи зардап, сондықтан тасаттық жасу керектігін. Бұлақтардың көзін ашып, айналасын қоршап, Ойыл өзеніне қарай ағуын бөгемеу, өзеннің орнын, жағалауын тазарту жұмыстарын жүргізуді ұйымдастыру. Бұлақ көздерін жауып тастағандарды, бөгеп алғандарды, заңдылығын анықтау, тәртіпке шақыру. Бұлақ бастау алатын жер асты көлдерінің суын өзенге тарту. Ойыл өзендерін бөліп алып, бөгеп, бөгет салып алған жеке қожалықтарды тексеру. Шаруа қожалықтарының Ойыл өзенін мал тезектерімен ластауына жол бермеу, тексеру, тәртіпке шақыру. Суды барынша үнемдеу. Ойыл ауданы, Қаратал ауылындағы платинаны күздің аяғында жабу, мамыр айында ашу. Ойыл өзені сіңіп кететін аяқ жағындағы Тайсойған құмына жеткізбей платина салу керек. Ойыл өзені бойындағы суармалы егін, баубақша суаруды, жаңадан егуді Ойыл өзені арнасына толғанша тоқтату. Қиыл өзеніне құятын бұлақтардың көзін ашу және бұлақтарды бөгеп тастағандарды тәртіпке шақыру. Қиыл өзенінің Ойыл өзеніне құятын жеріне платина орнату. Ойыл өзені мәселесін ғылыми тұрғыда зерделеу, зерттеу. Ғылыми институттармен келісім шартқа отыру. Ойыл өзенінің суының құрамын, сапасын тексеру. Ойыл өзені бойында орналасқан тұрғындардың ауыз су мәселесін шешу. Осы аталған ұсыныстар Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Сейілұлы Оразалинге және Атырау облысының әкімі Махамбет Жолдасқалиұлы Досмұхамбетовке жолданды. Тұрғындар мен табиғат жанашырлары 800 шақырым Ойыл өзеннің ертеңгі тағдырына арнап оң шешімдер мен тиісті шаралар қолданылады деген сенімде.
Венера АСҚАРҚЫЗЫ,
Ойыл селосы.