Қандас мәртебесін қалай алуға болады?

Ақтөбе облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы этникалық қазақтарға қандас мәртебесін беру немесе ұзарту бойынша жүйелі түрде жұмыс істейді.
Еліміздің 2011 жылғы 22 шілдедегі «Халықтың көшi-қоны туралы» Заңына және Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2013 жылғы 22 шілдедегі «Қандас мәртебесін беру немесе ұзарту қағидаларын бекіту туралы» №329-ө-м бұйрығына сәйкес этникалық қазақтарға «Қандас мәртебесін беру немесе ұзарту» мемлекеттік қызметі көрсетіледі.
Соңғы 5 жылда Ақтөбе облысына этникалық 840 қазақ отбасы — 1223 адам тарихи отанына оралып, қандас мәртебесін алды. Олардың дені— Ресей Федерациясы, Өзбекстан, Түрікменстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Қытай Халық Республикасынан келгендер.
Енді тарихи отанына оралғандар үшін қандас мәртебесін алу үшін қайда жүгінуге болатынын, ол үшін қандай құжаттар қажеттігін түсіндіріп өтейін. Этникалық қазақ (ұлты қазақ шетелдік немесе азаматтығы жоқ адам) қандас мәртебесіне «Құтты мекен» мобильді қосымшасы және migration.enbek.kz порталы ақылы өтініш бере алады. Қандас мәртебесін беру немесе беруден бас тарту туралы шешім қабылданғаннан кейін мобильді қосымшалары арқылы қабылданған шешімді өтініш берушіге жібереді.
Қандас мәртебесін алу үшін өмірбаян (еркін түрде), өтініш берушінің және оның отбасы мүшелерінің жеке басын куәландыратын құжаттардың (бар болса) қазақ немесе орыс тілдеріне нотариалды куәландырылған аудармасымен туу туралы куәліктердің, шетелдік паспорттың, азаматтығы жоқ адамның куәлігінің көшірмелері, үміткерлердің ұлтын растайтын этникалық қазақтар шыққан елдің арнаулы органдарының басқа да ресми құжаттары қажет.
Егер өтініш беруші тұрғын үйдің меншік иесі болып табылмаса, Қазақстан Республикасының азаматтары саналатын отбасы мүшелерімен немесе туыстарымен туыстығын растай отырып, өтініш беру өңірінің аумағында тұрақты тұратын өтініш берушінің отбасымен және/немесе туыстарымен бірігу үшін өтініш берушінің тұруына нотариалды куәландырылған келісім беру керек.Қазақстандағы жоғары оқу орындарында оқитын этникалық қазақтар оқу орнынан анықтама алуға тиіс.
Ал қандас мәртебесінің мерзімін ұзарту «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы жүзеге асырылады. Ол үшін өтініш берушінің тізбеге сәйкес құжаттары болуы шарт. Содан кейін ғанақандас мәртебесін алты айдан аспайтын мерзімге бір рет ұзарту жөнінде шешім қабылданады.
Ал қандай жағдайда қандас мәртебесі берілмейді?Этникалық қазақ ұсынған құжаттардың және (немесе) оларда қамтылған деректердің (мәліметтердің) анық еместігі анықталған жағдайда, Қазақстан аумағында құқықбұзушылықтар жасағанын әшкерелейтін мәліметтердің және олардың террористік немесе экстремистік ұйымдарға жататындығы туралы өзге де ақпарат болған жағдайда жергілікті атқарушы орган қандас мәртебесін беруден бас тартады.
Қандас мәртебесіне ие болғандар мен олардың отбасы мүшелеріҚазақстан азаматтарымен тең жағдайда әлеуметтiк қорғалуға құқылы, еліміздің Әлеуметтік кодексіне сәйкес жұмыспен қамту шараларымен, денсаулық сақтау саласындағы заңнамаға сәйкес медициналық көмекпен қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ қандастардың балалары мектептерге және мектепке дейiнгi ұйымдарға орналасу, Қазақстан Үкiметi айқындайтын көлемде техникалық және кәсiптiк, орта білімнен кейiнгi және жоғары бiлiм беретiн оқу ұйымдарына оқуға түсуге бөлiнген квотаға сәйкес бiлiм алу мүмкiндiгiне де ие.
Әнуарбек Қонжар, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары