Экономика
Саналы ұрпақ- кемел келешектің кепілі
9 желтоқсан Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күні. Елімізде 2014 жылы 26 желтоқсанда 2015-2025 жылдарға арналған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясы қабылданды. «100 нақты қадам» Ұлт жоспары шеңберінде 2015 жылдың 18 қарашасында «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңы қабылданды.
Сыбайлас жемқорлықты жою мемлекеттің ғана міндеті емес. Бүкіл қоғамның міндеті. Сол себепті еліміздегі барлық білім ошақтарында «Адал ұрпақ» ерікті мектеп клубтары мен барлық жоғары оқу орындарында, кәсіптік-техникалық білім беру ұйымдарында «Саналы ұрпақ» жобалық кеңселері ашылып келеді.
Осы орайда 9 желтоқсан Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күні қарсаңында Ойыл аграрлық колледжінде, Тұңғыш Президент атындағы залда жастарды яғни студенттерді парасаттылыққа, әділдікке шақыруға бағытталған «Адалдық сағаты» өткізілді. Айтулы шараға колледж директоры Серік Займолдин, студенттер мен оқытушылар және аудандық ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Медет Құлмұқанов пен «Нұр Отан» партиясы Ойыл аудандық филиалының маманы Дариға Бәйтерекова қатынасты. Онда Ойыл аграрлық колледжінің алғашқы әскери дайындық пәнінің оқытушысы, «Құқықбұзушылықтың алдын алу» клубының жетекшісі Абылайхан Ертлеуов әзірлеген Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатындағы бейнероликтер көрсетілді. «Адалдық сағаты» аясында Медет Құлмұқанов пен Дариға Бәйтерекова баяндама жасап, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қандай іс-қимыл жасау керектігі жөнінде кеңес берді. Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жөнінде бар ойын ашық жеткізген колледж директоры Серік Займолдин осы оқу орнында оқып жатқан студенттерді өз білімдерімен дипломдарын қорғап, әрі қарай қоғамдағы қандай жұмысқа орналасқанда да, Отан үшін, келешек үшін адал еңбек етуге шақырды.
Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,
Ойыл селосы.