Экономика

Ұлттың болашағы – кісілік

Үмбетқан Сәрсембин,
философия ғылымдарының кандидаты, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің кафедра меңгерушісі.

Ұлттық құрылтайдың ІҮ отырысында да елдің болашағына бағытталған құнды дүниелер айтылды, қоғамдағы қордаланған мәселелер қозғалды. Елдің болашағы ұрпақ, ұлттың бәсекеге қабілеттілігі деген сөзді жиі естейміз, қоғамда көп айтылады. Бірақ тәрбие, білім, жауапкершілік тең болмаса бұны іске асады деп айту қиын. Білім беруде әлеуметтік институттар (отбасы, мектеп, университет болсын) осы негізгі міндеттерді ескеруі тиіс. Мемлекеттің әрбір мүшесі, жеке адам болсын, биліктегі адам болсын, тілегі бір болуы керек. Ол мемлекетті нығайтуға бағытталған ұстаныммен көрінеді. Тарихта тәуелсіздіктен қол үзген кез де болды. Бірақ халық бұдан барынша сүрінбей өтуге ұмтылды. Ұлт қамын жеген тұлғаларды шығарды. Себебі халықтың ұрпақты тәрбиелеудегі тәжірибесі күшті болды, тарихтан келе жатқан жолмен жүрді. Барынша өзінің болмысын, рухани кемелділігін сақтап келгенін көруге болады. Бүгінгі қоғамның алдында түрған міндет, мәселе осы, яғни кемел ұлт болуды ойлау керек, ойластыру қажет.
Мемлекетті күшейтетін қоғамдағы адамдардың өзіндік санасы. Ең алдымен қоғамдық сана дұрыс, терең болмайынша қалған нәрсені жасау қиын. Сондықтан өзіндік сана күшті болуы керек. Қоғамдық сана дегеніміз не нәрсе? Философтар жазғандай, әр адам осы қоғамдық сана формаларын (дін, өнер, мәдениет, білім, ғылым, заң, саясат, экономика және т.б.) тегіс әрі дұрыс иелену арқылы мемлекет азаматына айналады. Мәселен отбасында, мектепте тәрбие дұрыс болса, білім дұрыс берілсе, өнердегі, ғылымдағы, дін мен мәдениет саласындағы адамдардың жауапкершілігі күшті болса, ел үшін үнемі өзін жетілдірер болса қоғамдық сана да күшті, сол арқылы елде дамиды. Кешегі құрылтайда талқыланып отырған мәселелердің түйіні осыған келіп тіреледі. Дінде болсын, өнерде болсын ұлттың болмысына қарама-қайшы келетін дүниелерден қоғамның қашық болған дұрыс. Себебі ұлттың болмысын ұлттық құндылықтар құрайды, ал құндылықтар дегеніміз тарихи уақыт сынынан өткен, ұлттың дүниетанымдық тәдірибелерін бойында біріктіретін игілік түрлері болып табылады.
Қоғамдық сананың дамуы өзіндік санаға байланысты дейміз, ал өзіндік сана тарихи сананың негізінде қалыптасады. Сол себептен тарих дұрыс зерттелуі керек. Құрылтайда Президент бұл жөнінде де айтты.
Қазіргі қоғамда ақылшылар да, алаяқ та көбейіп кетті. Мұның барлығы ненің белгісі? Біздің ойымызша қоғам, болашақтың алдындағы жауапкершіліктің жұтаңдығы, білімнің, рухтың әлсіздігі бұған жол беріп отыр. Адамдар қит етсе болды психолог іздейтін күйге жетті, алаяққа сеніп алданып жатқандар көп. Ал кешегі небір нәубет жылдардағы оқиғаларды басынан өткізген ата-әжелерімізге қарасақ психолог, коучсыз-ақ қиындықтан өзін-өзі демеп, дұрыс шешімді өзі қабылдай алатын деңгейде болған. Қазір ондай заман емес, тәуелсіздік тұсында өмір сүріп жатырмыз. Адамды, мемлекеттің мүддесін қорғайтын заң бар. Өзіңді-өзің жетілдіруге мүмкіндік мол. Сол себептен әр адам мемлекеттің мүмкіндігін пайдаланып, барынша қоғамына еңбек етсе екен дейміз. Әр адам мемлекет үшін басты құндылық, бірақ мемлекетте әр адамның өзіндік санасының құндылықтық тұғырына айналуы тиіс. Ата-ана баланы дұрыс тәрбиелесе, ұстаз балаға білімді дұрыс үйретсе, ғалым ғылымды дамыта білсе, биліктегі адамдар мемлекеттік реформалардың дұрыс іске асуын қадағалап, реттей білсе, қалталылардың елдік санасы күшті болса еліміздің болашағы жарқын болары анық. Құр даңғойлықты, даңғазалықты қоғам көтергенімен заман, уақыт көтермейді. Ең басты мәселе ұрпақты кісілікке, елдікке бағыттауда жатыр. Менің Құрылтайда сөйлеген Президент сөзінен түйгенім осы. Мемлекеттің бағыты айқын, тек соны қолдау қажет. Қолдауды сөзбен емес, іспен көрсетуіміз керек. Осы елде туып, өскен адамның тірек ететіні осы мемлекет. Абайдың «кім де кім жаман болса замандастарының бәрі жауапты» деген сөзін естен шығармаған жөн. Мемлекет пен қоғамды біріктіріп, халықты дұрыс жолға бағыттайтын интеллектуал адамдардың рөлі көрінетін уақыт жетті.

Related Articles

Back to top button