ӘкімдікЭкономика

ӨТКЕННІҢ ЕСЕБІ – БОЛАШАҚТЫҢ МІНДЕТІ

Аудан халқының әлеуметтік тұрмысын арттыруға бағытталған үлкен шешімдер көп жағдайда қарапайым жиындарда, ашық пікірлесуде қабылданады. Аудандық Қоғамдық кеңестің отырысы – соның айқын бір көрінісі.

Бұл күні ауданның тыныс-тіршілігіне жанашырлықпен қарайтын азаматтар бір үстел басында бас қосып, бүгінгі күннің көкейкесті мәселелерін кеңінен талқылады.
Кеңес төрағасы Марат Арыстанов басшылық еткен жиынға аудан әкімі Асқар Қазыбаев, аудандық мәслихат төрағасы Сәкен Займолдин, Қоғамдық кеңес мүшелері, мекеме басшылары мен халық қалаулылары қатысты.
Әркім өз саласының есебін беріп, қол жеткен жетістіктер мен шешімін таппаған түйткілдерге ашық тоқталды. Алғашқы болып сөз алған аудан басшысы Асқар Қайырғалиұлы 2024 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін саралап, алдағы 2025 жылға жоспарланған міндеттерге тоқталды. Қағаз бетіндегі сандар мен жоспарлардан бөлек, баяндамадан ауданның шынайы тынысы, халықтың сұранысы мен әкімдік тарапынан жасалып жатқан нақты қадамдар көрініс тапты.
Келесі кезекте аудандық мәслихат төрағасы Сәкен Займолдин мінберге көтеріліп, 2024 жыл ішінде атқарылған жұмыстар туралы есеп берді. Ел мүддесін көздеген әрбір бастама мен шешім жұртшылықтың шынайы өмірімен сабақтасып жатқанын аңғардық. «Жақсы бастама – жарты іс» дегендей, басталған жобалардың жалғасын табуына депутаттық корпус күш салып отырғаны қуантты.
Жиын барысында халық денсаулығы да назардан тыс қалмады. Аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Ғарифолла Құбаев 2024 жылы атқарылған жұмыстар жөнінде егжей-тегжейлі баяндады. Әсіресе, алдын алу шаралары мен санитарлық талаптардың сақталуы туралы ақпаратқа кеңінен тоқталды.
Кеңес отырысы – жай ғана есеп беру алаңы емес, шынайы пікір алмасу, түйінді мәселені бірлесіп шешуге ұмтылу орнына айналды. Баяндамалардан соң қойылған сұрақтар, сын-ескертпелер мен ұсыныстар – халық пен билік арасындағы байланыстың берік екенін білдірді. Қоғамдық кеңес тарапынан айтылған ұсыныстар ескерусіз қалмай, алдағы уақытта нақты іске айналады деген сенім бар. «Жерге қарап емес, елге қарап іс қыл» дейтін дана халқымыз. Қоғамдық кеңестің бұл жолғы отырысы да елге қарап, халыққа құлақ түріп отырған азаматтардың бас қосуы болды. Жүрегі «Ойыл» деп соққан жандардың ортақ ойы – туған жердің өркендеуіне адал қызмет ету. Тек осындай бірлік пен ашықтық үстемдік құрған қоғамда ғана шын мәнінде тың өзгерістер мен нақты нәтижелер болады деген сенімдеміз.

Related Articles

Back to top button