Әлеумет

ҒАЛЫМҒА АРНАЛҒАН ТУРНИР

Тарихты тұлға жасайды. Ал тұлғаның ғұмыр жолы мен елге сіңірген еңбегі ұрпақ санасында жаңғырып отырса, ол – рухтың тірі қалғаны. Осындай ұлағатты ойды Ойыл жерінде өткен тоғызқұмалақ турнирі тағы бір мәрте дәлелдеді.

Бұл жолы құрмет пен тағзым нысаны – қазақ әдебиетінің абызы, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ғылым академиясының корреспондент мүшесі Әнуар Жақсығалиұлы Дербісалин болды.
Ойыл төрінде ұйымдастырылған облыстық ашық турнир – жай ғана жарыс емес, ол – рухани сабақтастықтың, ұлттық құндылықты ұлықтаудың, ой мен парасаттың бәйгесі. «Ел есінде қалған ер ұмыт болмайды» дейді дана қазақ. Әнуар ағамыздың артына қалдырған мұрасы – кітап қана емес, санамызға сіңген ілім. Ал ол кісіні еске алу шарасын тоғызқұмалақпен байланыстыру – бекер таңдау емес. Себебі тоғызқұмалақ – қазақтың ойлау жүйесін, ақыл-парасатын шыңдайтын көне өнер, ұлттық зияткерлік символы.
Жарысқа Ақтөбе, Қызылорда, Атырау, Батыс Қазақстан облыстары мен Әйтеке би, Темір, Мәртөк және Ойыл аудандарынан келген 2012 жылдан кейін туған жасөспірімдер мен қыздар қатысты. Ұрпақ – болашақ айнасы. Бұл турнирдің де түпкі мұраты – сол болашаққа тұнық ой, таза жүрек, терең таныммен бару.
Турнирдің ашылу салтанатында аудан әкімі Асқар Қазыбаев пен облыстық тоғызқұмалақ қауымдастығының вице-президенті Бауыржан Төлегенов сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі. «Шын мықты – жеңісте ғана емес, ниетте» деген сөз осы сәтке дәл келгендей. Қатысушылардың жүзінен тек бәсекеге емес, білімге, өсуге деген құлшыныс байқалды.
Ойын сәттері де тартысты өтті. Қатысушылардың әр жүрісінен дайындық пен терең ой байқалды. Тіпті кейбір партиялар ұзақ уақытқа созылып, көрермендердің де, төрешілердің де назарын өзіне аударды. Әсіресе кіші топтағы жас ойыншылардың батылдығы мен шеберлігі сүйсінтпей қоймады. Олар жас болса да, есептеу қабілеттерімен, қарсыластың жүрісін алдын ала болжай білуімен ерекшеленді.
Ойынды сырттай бақылаған жанкүйерлер арасында да тебіреніс болды. Кейбір ата-аналар балаларының әр жүрісіне демін ішінен алып, іштей қолдау білдіріп отырды. Бұл — тек спорт емес, тәрбиенің көрінісі еді. Себебі тоғызқұмалақ ойыны тек бәсекелестік емес, сабыр мен шыдамның мектебі. Жеңіп тұрған сәтінде де асықпай, саспай, қарсыласын сыйлай білген балалар – болашақтың нағыз зияткер тұлғалары.
Жекелей кездесулерде бірнеше ойыншы өз шеберліктерімен көзге түсті. Бір партияда 2012 жылы туған ойыншы қарсыласын ойсырата ұтып, төрешілер мен жаттықтырушылар тарапынан алғыс пен мадаққа ие болды.
Жарыс барысында спорттық тәртіп пен достық атмосфера сақталды. Ойыншылар бір-біріне құрметпен қарап, ұлттық спорттың шынайы рухын көрсетті. «Ойын – өмірдің айнасы» десек, осы турнир әр баланың ішкі мүмкіндігін ашуға себеп болды. Бұл жарысқа қатысқан әр бала – тек тоғызқұмалақ ойынын үйреніп қана қоймай, рухани, мәдени, адами тұрғыдан да өсті деуге болады.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер марапатталды. Бірақ шын жеңіс – қатысудың өзінде еді. Бұл – ұлт спортына деген ықылас пен құрметтің, рухани сабақтастықтың жеңісі. Ұйымдастырушылар тарапынан қатысушылар мен жаттықтырушыларға алғыс айтылып, осындай тағылымды шаралардың алдағы уақытта да жалғасатыны мәлім болды.
«Асыл адам өлмейді, артында ізі қалады» дейді халық. Әнуар Жақсығалиұлының рухына бағышталған бұл турнир – соның бір айғағы. Кім біледі, бәлкім осы алаңда алғашқы жеңісін тойлаған бала – ертеңгі ел чемпионы болар. Ал мұның бастауы – Ойылда өткен, рухты ту еткен бір жарыс еді. Ұлттың ұлы мұрасын дәріптеп, жас буынды оятатын осындай шаралар көбейе бергей!

Related Articles

Back to top button