Басты тақырып

ШӨПТІ ҚАШАН АЛАСЫҢ?

Естеріңізде болса, бұдан бірнеше жыл бұрын қыстың ортасында бір ауылда бір тұрғынның шөбі таусылып қалды. Содан ол Астанаға арыз жазды, ақыры айқай-шу, біраз дүрбелең тудырды. Қыстың қақ ортасында аудан әкімінің орынбасары далада қар астында қалған шөпті аршытып, тасытып берді.

Содан «үш жылдығын» айтпағанда, «қыстың қамын жазда ойламаған» сол тұрғынның қолындағы қысқа түсетін малына қажетті азығын жеткілікті дайындамағаны үшін жергілікті әкім «таяқ жеді». Осыны арқау қылып, басқаларға сабақ болсын деп мақала жазған бізге де мін тақты! Шынына келгенде мен түгілі әкімнің жазығы жоқ. Бірақ, ауылдың қысқа дайындығын бақылаудан шығарған әкімнің салғырттығы сеп болыпты. Ақылға салсақ, жеке тұрғынның ауласындағы азын-аулақ малға азық дайындау үшін әкімнің қандай қатысы бар? Бірақ, өз ісінің мінін түзей алмаса да, жатып ішіп, әлеуметтік желіге не болса соны жариялайтын блогерсымақтар біреудің ісінен сын табуға құштар! Ал, кейбіреулер малды жақсы көреді. Бірақ, оған азық бергісі келмейді. Содан кейін кінәні біреуден іздейді. Малдан өнім алғың келсе — азығын аяма!
Ал, ауданда мал азығын дайындау қарқынды жүріп жатқанымен, тұрғындардың жылдағы әдетпен ауласына шөп түсіруі әлі баяу. Мәселен, Ойыл ауданындағы шаруа қожалықтары мен жеке тұрғындардың қолдарындағы малға қажетті азықтың бір жыл жарымдық қорын жасақтау үшін – 132 мың тоннаға жуық шөп дайындалу керек! Бүгінгі күні 28 мың тонна дайындалды. Оның 8 мың тоннасын шаруашылықтар қыстақтарға тасып қойса, тұрғындар 10 мың тонна ғана шөп алыпты. «Шегірткеден қорыққан егін екпейді» дегендей, бұрын жұртшылық аптап ыстықта әртүрлі қатерлерден қорқып шөп түсіруге асықпайтын. Соңғы жылдарғы күзгі-қысқы жаңбырдан қорғау үшін тұрғындардың ішінде бағасы жыл сайын қымбаттап бара жатқан шөпті сақтайтын қойма-қора салып алғандары да көп. Бірақ, солар да әлі арқаны кеңге салып отыр. Әрине, жылда мал азығының күн өткен сайын сапасы төмендей беретінін айтып келеміз! Шаруаның жайын білетіндер ертерек етек-жеңін жинап, қамданып жатыр. «Көгалды қуып, гөләйттап…» жүргендер де әлі көп. Ертең қарашаның қара суығы ұрғанда шөп іздеп, «тал қармайды!».
Бірақ, «сапасы төмен, бағасы қымбат!» — деп кінәні тағы жұрттан іздейді. Қазір әр сенбі сайын мал азығының жәрмеңкесі ұйымдастырылып отыр. Алайда, шөп тиелген көліктердің түске дейін тұрғанын көріп жүрміз. Демек, Ойылға келіп тұрған шөпті әлі де алуға асығар емеспіз. Бірақ, мал азығы – ертеңгі ел азығы екенін естен əсте шығармауымыз керек.

С. ХАМЗИН,
Ойыл селосы.

Related Articles

Back to top button