
Мерекелік шараның шымылдығын ашқан Сарбие ауылдық округінің әкімі Әсет Кереев ауыл тұрғындарын мерекемен құттықтап, елдің ынтымағы мен бірлігін тілеп, жерлестерін ауылдың дамуы жолында жұмыла еңбек етуге шақырды.
Ауыл күні аясында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі, ұлттық тағамдар ұсынылды. Сонымен қатар, «Қойнауы құтқа толған — Сарбием» атты көрме, ұлттық тағамдарды дәріптеу сағаты, «Шапағат» әжелер клубының салт дәстүрі көрсетілді.
Жастар арасында спорттық жарыстар — асық ату, ләңгі тебу және бес асық ойындары өткізіліп, ауыл жастары белсенділік танытты.
Сонымен қатар Сарбие ауылдық округі бойынша «Ауыл аманаты» мемлекеттік бағдарламасына қатысушылардың жұмысы бойынша ақпараттар ұсынылды.
Кешкісін ауыл өнерпаздарының қатысуымен өткен концерттік бағдарлама көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Мерекелік шара ауыл жұртшылығын біріктіріп, туған жерге деген сүйіспеншілікті арттырған игі бастама болды.