ОЙЫЛДАҒЫ ҚҰРЫЛЫСТАР ОБЛЫСТЫҢ БАҚЫЛАУЫНДА
Өткен аптада облыс әкімінің орынбасары Асылбек Есенбаев ауданда жұмыс сапарымен болды. Алдымен Ойыл ауданындағы жол-көлік инфрақұрылымы мен әлеуметтік нысандардың құрылыс барысымен танысты.

Асылбек Есенбаев мұндағы облыстық маңызы бар Шұбарқұдық-Ойыл-Қобда-Тұзтөбе автожолының 40 шақырымдық учаскесі мен осы бағыттағы көпірге жүргізіліп жатқан орташа жөндеу жұмыстарын қарап шықты. Сондай-ақ Қаратал елді мекеніндегі ауылішілік жолдарға жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарының сапасына баға беріп, жаңадан салынған балабақшаның жай-күйін тексерді. Аудан орталығында көктемгі су тасқыны салдарынан зақымданған кіреберіс көпірді қайта жаңғырту жұмыстарына, мектеп пен балабақша нысандарындағы жұмыс қарқынына да ерекше назар аударылды.
Сапар қорытындысы бойынша облыс әкімінің орынбасары мердігер ұйымдарға барлық жобаларды уақытында әрі сапалы аяқтау жөнінде нақты тапсырмалар берді. Сондай-ақ, жобалардың орындалу барысы жергілікті атқарушы органдардың тұрақты бақылауында болатынын атап өтті.