Әлеумет

ТАЛҒАТ «ТІСҚАҚҚАН» ТАКСИСТ

Ойылдың әр таңы әлімсақтан қайнаған еңбекпен басталатыны баршаға мәлім. Бұл өңірден қаншама еңбек адамдары шықты. Олардың бірі шалқытып ән шырқап, көсіле күй төгіп көпшілікке танылса, бірі биімен биіктерді бағындырды. Енді бірі тары егіп рекорд жаңартты. Мал бағып еңбек ері атанғандар да ауданның тарихында тізбектеліп тұр.

Ал, бүгінде ауданымызда кәсіпкерлік саласы кеңейіп келеді. Шағын және орта бизнесті дамыту үшін үкіметтен көрсетілетін қолдау көп. Жеңілдетілген несиелер алып, кәсібін жандандырып жүргендер де жетерлік. Олардың арасында ірілі-ұсақты дәстүрлі емес кәсіпкерлікпен айналысып келе жатқан жандардың ұмтылысы Ойылдың әр азаматының еңбектен енжар еместігінің куәсі іспетті. Демек, біздің өңірде кәсіпкерлікті дамыту жолында жасалынып жатқан жұмыстар жеткілікті. Қазақ халқында «Ерте тұр да, еншіңді ал!» — деген тәмсіл керемет айтылған. Өйткені, біздің қазақ «Ерте тұрған еркектің ырысы артық» — деп бекер айтпаса керек. Міне, әр күні жұмысын таңертемен бастайтын жандардың бірі Талғат Маханов. Тұрғындарға такси қызметін көрсетеді. Ол, «тісқаққан» таксист. Олай дейтін себебіміз, 15 жылдан бері Ақтөбемен екі ортаға қатынап, жолаушыларға жауапкершілікпен қызмет етеді. Сонау қиын-қыстау кездерде жолдың ауырлығына қарамастан 12 орындық «Уаз» көлігімен тұрғындарды облыс орталығына тасыды. Кейін облыс орталығымен шалғай ауданды жалғайтын тас жол төселгеннен кейін көліктерін жаңартып, уақыт көшіне ілесіп отырды. Оның жолақысы да жалпыға қолжетімді. Оған қоса өтініш білдірген жандардың аманатын арқалап жүреді. Ол көлігіне отырған әр жолаушыны үйіне келген қонағындай қарсы алады. Көпшіліктің сөзіне сүйенсек, Талғат ешкімге қабақ шытқан емес. Қазіргі таңда жолаушы тасып жүрген «Тайота Хайс» көлігін қыста көлігінің жылыту пешін қамдап, жазда жолаушыларға жайлы етіп салқындатқышын қосып отырады. Яғни, жолаушыларға толықтай жағдай жасалған. Талғат Маханов алдағы уақытта мемлекеттік бағдарлама арқылы несие алып, тағы бір автокөлік алуды жоспарлап отыр. Егер бұл ойы орындалса, жол ақысын әлі де төмендетуге болатынын жасырып қалмады. Әрине бұл бізге яғни, жолаушылар үшін өте қолайлы болмақ. Бұл адал тасымалдаушылардың абыройы мен беделінің айқын көрінісі. Біздің ауданда Талғаттан басқа әккі таксистер жетерлік. Міне олар жолақысын шарықтатпай бір қалыпты ұстауға ниет біріктіргенмен кейбір заңсыз тасымалдаушылар оларға кедергісін тигізуде. Халықтың қалтасына қызығып, қулықпен нәпақа тауып жүргендер, олардың баратын жерлеріне аман-сау жеткізулеріне кім кепіл? Иә, олардың көбісі баратын жерге тез жетуге әуес келеді. Тіпті олардың арасында 2-3 жасар балаға екі мыңнан алу, аманатқа ақша сұрау тағы бар. Шыбын жаңды шүберекке түйіп, ажалдың арбасынан түскендей күй кештіру адамдықтан алшақ әрекет.

Міне бұл мақала осындай олқылықтарды көріп, санамызда «біздегі такси қызметі талапқа сай ма?» — деген сауалдан өрбіген ойдың түйіні.

Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,

Ойыл селосы.

Басқа жаңалықтар