Жаңа Конституцияда ел азаматтығына қатысты қандай ережелер ұсынылған?
Бүгін Қазақстан Республикасы жаңа Ата Заңының қорытынды жобасы жарияланды. Жобаның II бөлімі «Негізгі құқықтар, бостандықтар мен міндеттер» деп аталып, ел азаматтығына қатысты ереже ұсынылған, деп жазады Egemen.kz.
Дана МЫРЗАҚАДІР

Фото: egov.kz
«Қазақстан Республикасының азаматтығы заңға сәйкес беріледі және тоқтатылады, ол берілген негізіне қарамастан бiрыңғай және тең. Қазақстан Республикасының азаматын өз азаматтығынан айыруға, азаматтығын өзгерту құқығынан айыруға, сондай-ақ Қазақстаннан тыс жерге аластатуға болмайды. Азаматтықтан айыруға террористік қылмыс жасағаны, сондай-ақ Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделеріне өзге де ауыр зиян келтіргені үшін сот шешімімен ғана жол беріледі», деп жазылған Конституцияда.
Сондай-ақ елімізде қос немесе көп азаматтық алу заң жүзінде шектеледі.
«Қазақстан Республикасының азаматында қос немесе көп азаматтығы болуына жол берілмейді. Өзге ел азаматтығының болуы Қазақстан Республикасының азаматтығын тоқтатуға негіз болады. Шет мемлекетте туғанына байланысты сол мемлекеттің азаматтығын алған кәмелетке толмаған балаға қатысты заңда көзделген ережелер қолданылады», деп жазылған Конституцияда.
Айта кетейік, Жаңа Конституция жобасында Президенттің кезекті сайлауы, өкілеттік мерзімі және дауыс беру ережесі нақтыланып, Құрылтай депутаттарының өкілеттік мерзімі де айқындалды.



