Спорт

ОЙЫЛДА ТОҒЫЗҚҰМАЛАҚТАН ОБЛЫСТЫҚ ТУРНИР ӨТТІ

Ойыл ауданында 16-17 сәуір күндері қазақ руханиятының көрнекті өкілі, әдебиеттанушы, филология ғылымдарының докторы, Қазақстан Ғылым академиясының корреспондент мүшесі, профессор Әнуар Жақсығалиұлы Дербісалинді еске алуға арналған тоғызқұмалақтан облыстық ашық турнир жоғары деңгейде ұйымдастырылды.

Дәстүрлі жарысқа Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан облысының Сырым ауданы, сондай-ақ Байғанин, Хромтау, Ырғыз, Темір, Мәртөк және Ойыл аудандарынан келген жас спортшылар қатысты. Турнирде 2013-2014, 2015-2016, 2017 жылы және одан кейін туған жасөспірім ұлдар мен қыздар бақ сынады.
Салтанатты ашылу рәсімінде Ойыл ауданының әкімі Асқар Қайырғалиұлы мен Ақтөбе облысының тоғызқұмалақтан аға жаттықтырушысы Нұрбек Қабиев сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Олар ұлттық спортты дамыту жолындағы мұндай жарыстардың маңызы зор екенін атап өтті.
Турнирдің басты мақсаты – ұлттық мұраны дәріптеу, тоғызқұмалақ ойынын кеңінен насихаттау, жас ұрпақтың зияткерлік қабілетін дамыту және спортқа деген қызығушылығын арттыру.
Екі күнге созылған тартысты бәсеке қорытындысында жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы мадақтамалармен, медальдармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.
Ойыл ауданының намысын қорғаған Сырлыбай Нұрислам үздік ойын өрнегін көрсетіп, жеңімпаз атанды.
Ал, Марат Айару күміс жүлдеге ие болды.

Related Articles

Back to top button