ОРТАҚ МЕРЕКЕНІҢ МЕРЕЙЛІ СӘТІ
ТАМЫЗ АЙЫНЫҢ ҮШІНШІ ЖЕКСЕНБІСІ – СПОРТ КҮНІ. БҰЛ КӘСІБИ МЕРЕКЕ – СПОРТ САЛАСЫНДА ЕҢБЕК ЕТІП ЖҮРГЕН МАМАНДАРДЫҢ ЕҢБЕГІН БАҒАЛАП, ЕЛ АЗАМАТТАРЫН САЛАУАТТЫ ӨМІР САЛТЫНА ҮНДЕЙТІН АЙТУЛЫ КҮН. БҮГІНДЕ ОЙЫЛ АУДАНЫНДА БҰҚАРАЛЫҚ СПОРТТЫ ДАМЫТУҒА, БАЛАЛАР МЕН ЖАСТАРДЫ СПОРТҚА ТАРТУҒА, АУЫЛДАРДАҒЫ СПОРТ ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫН КЕҢЕЙТУГЕ АЙРЫҚША КӨҢІЛ БӨЛІНУДЕ. СПОРТ КҮНІ – САЛА МАМАНДАРЫ ҮШІН ҒАНА ЕМЕС, БАРША ҚОҒАМ ҮШІН МАҢЫЗДЫ МЕРЕКЕ. СПОРТ ДЕНСАУЛЫҚТЫҢ ҒАНА ЕМЕС, ЕЛ РУХЫНЫҢ НЕГІЗІ. 12 ТАМЫЗ – ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЖАСТАР КҮНІ. АЛ, СПОРТПЕН АЙНАЛЫСАТЫНДАРДЫҢ ДЕНІ АУЫЛ ЖАСТАРЫ. СОНДЫҚТАН, ЖАСТАР МЕН СПОРТ ЕГІЗ ҰҒЫМ СИЯҚТЫ.

Спорт және жастар күніне арналған шаралар өткен аптаның соңында Тәуелсіздіктің 20 жылдығы атындағы орталық саябақта мерекелік марапатпен аяқталды. Салтанатты шара спортшылар мен жастардың шеруімен басталды. Мерекелік жиынға жалынды жастар, спорт саласының ардагерлері, жаттықтырушылар, спортшылар, сала қызметкерлері және жас спортшылар қатысты.
Мерекелік жиында аудан әкімі Асқар Қазыбаев спорт саласының ардагерлері мен қызметкерлерін, жаттықтырушыларды, спортшыларды, аудан жастарын және барша қатысушыларды кәсіби мерекелерімен құттықтады.
Аудан әкімі өз сөзінде жастардың ауданның әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық дамуына, сондай-ақ спорт саласының өркендеуіне қосып отырған үлесінің маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар жастардың тың бастамалары мен жаңа жобаларын қолдау, олардың спортпен және салауатты өмір салтымен тұрақты айналысуына жағдай жасау – басты бағыттардың бірі екенін атап өтті.
Салтанатты шара барысында ауданның қоғамдық өміріне белсене араласып, нәтижелі еңбек етіп жүрген белсенді жастар, сондай-ақ аудандық, облыстық және республикалық деңгейдегі жарыстарда жүлделі орындарға ие болған спортшылар марапатталды.
Үздіктерге Ақтөбе облысы әкімінің және Ойыл ауданы әкімінің Алғыс хаттары, медальдар табысталып, еңбектері мен жетістіктері жоғары бағаланды.

Сонымен қатар кеш қонағы еркін күрестен халықаралық дәрежедегі спорт шебері Сабыржан Жолдаев, спорт ардагері Мінсізбай Жайлыбаев мен белсенді жас Елеусін Займолдин аудан жұртшылығын мерекемен құттықтап, жастарға сәттілік пен толағай табыс тіледі.
Халықаралық Спорт және жастар күніне арналған бұл шара жастардың белсенділігін арттыруға, олардың шығармашылық және зияткерлік қабілеттерін дамытуға, салауатты өмір салтын насихаттауға және спортты бұқара арасында кеңінен дәріптеуге бағытталды.

Жастар – ел болашағы. Ал спорт – денсаулықтың кепілі, жігер мен табандылықтың мектебі. Осындай тағылымды іс-шаралар жастардың спортқа деген қызығушылығын арттырып, олардың жаңа жетістіктерге ұмтылуына серпін береді.
Өз тілшіміз.




