Жаңалықтар

ШЫҒАНАҚ БЕРСИЕВТІҢ АҚ ТАРЫСЫ: ТАРИХИ ТҰҚЫМНЫҢ ӨМІРШЕҢДІГІ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМИ БАҚЫЛАУ НӘТИЖЕЛЕРІ

Ш. Берсиев атындағы Ойыл аудандық өнер және өлке тарихы музейінің ғылыми-зерттеу жұмыстары аясында Қазақстанның даңқты тары өсірушісі Шығанақ Берсиевтің ақ тарысына қатысты тарихи деректерді жинақтау, оның бүгінгі күнге дейін сақталған тұқымының шығу тарихын, биологиялық ерекшеліктерін анықтау және ғылыми айналымға енгізу мақсатында ақ тары өсіруші Ринат Доспамбетовпен ғылыми-зерттеу кездесуі ұйымдастырылды.

Зерттеу барысында Ринат Доспамбетов өсіріп отырған ақ тары алқабына далалық бақылау жүргізіліп, өсімдіктің морфологиялық ерекшеліктері, өсу қарқыны, шығымдылығы және өсіру технологиясы жан-жақты зерделенді. Бақылау нәтижесінде ақ тарының өсімдіктері біркелкі өсіп-жетілгені, сабақтарының берік әрі тік орналасқаны, жапырақтарының қалың және қанық жасыл түсті екендігі, масақтарының толық қалыптасып, дән байлау кезеңінің қалыпты жүргені анықталды.

Ринат Доспамбетовтің көпжылдық тәжірибелік бақылауы бойынша ақ тарының өсіп-дамуында өзіндік морфологиялық ерекшеліктер байқалады. Оның айтуынша, қолайлы агротехникалық жағдайда бір дәннен орта есеппен 3–7 сабақ түзіледі. Әрбір сабақта 5–7 жапырақ қалыптасады және әр жапырақтың қолтығынан масақ дамиды. Масақтар толық пісіп, кезең-кезеңімен орылып отырған жағдайда өсімдік өсуін жалғастырып, кейінгі жапырақ қолтықтарынан жаңа масақтар түзу қабілетін сақтайды. Бақылау нәтижесінде бір масақта шамамен 200–400 дана дәннің қалыптасатыны анықталған. Бұл ақ тарының өнім қалыптастыру әлеуетінің жоғары екенін және оның морфологиялық ерекшеліктерінің айрықша екендігін көрсетеді.                                                                                    Зерттеу барысында өсімдіктің биіктігі арнайы өлшеу нәтижесінде 140 см екені анықталды. Бұл көрсеткіш тұқым себілгеннен кейін екі айға жетпейтін мерзімде тіркелді. Өсімдіктің вегетациялық кезеңі әлі аяқталмағанын ескерсек, күзгі толық пісу кезеңіне дейін оның бойының одан әрі өсіп, жаңа масақтар қалыптастыруы күтіледі. Сонымен қатар жүргізілген өлшеу нәтижесінде 100 түйір ақ тарының салмағы 8,64 граммды құрады. Бұл көрсеткіштер тарихи тұқымның жоғары өміршеңдігін, қалыпты өсіп-даму қарқынын және өнімдік әлеуетін сипаттайтын маңызды ғылыми деректердің бірі болып табылады.

Тұқымның сақталу тарихы

Кездесу барысында Ринат Доспамбетов ақ тарының бүгінгі күнге дейін жету тарихына қатысты аса құнды мәліметтермен бөлісті.

Оның айтуынша, 2022 жылдың күзінде атасы Доспамбетов Дәулетжанның өмірі мен еңбек жолына қатысты құжаттар сақталған ескі чемоданды реттеу кезінде ішінен 1976 жылғы «Казахстанская правда» газетіне мұқият оралған шамамен бір ас қасықтай ақ тары дәні табылған.

Бұл тарихи олжа Ринат Доспамбетовтің қызығушылығын оятып, тұқымның өнгіштік қабілетін тәжірибе жүзінде тексеруге негіз болған.

2023 жылдың мамыр айында аталған тұқым алғаш рет жерге себіліп, 37 күннен кейін көктеп шыққан. Сол жылы күзде алғашқы өнім жиналып алынды.

Ал 2025 жылы алынған тұқым қайта егілген кезде оның көктеу мерзімі 21 күнге дейін қысқарған. Бұл тәжірибе әлеуметтік желіде жарияланып, көпшіліктің қызығушылығын тудырды.

2026 жылғы тәжірибе тарихи тұқымның өміршеңдігін тағы бір мәрте дәлелдеді. Биыл егілген ақ тары небәрі төрт күннің ішінде жер бетіне көктеп шыққан.

Осы тәжірибелік бақылаулар ұзақ жылдар бойы сақталған тарихи тұқымның табиғи өнгіштік қасиетін жоғалтпағанын және оның жергілікті табиғи-климаттық жағдайға бейімделу қабілетінің жоғары екенін көрсетеді. Қырық жылға жуық уақыт сақталған тұқымның өнгіштігін жоғалтпай, өнім беруі ғылыми тұрғыдан ерекше назар аударуды қажет ететін құбылыс болып табылады.

Ақ тарының ерекше белгілері

Әңгіме барысында Ринат Доспамбетов ақ тарыны зерттеуге қызығушылығы қалай басталғанын да баяндады. Оның айтуынша, Шығанақ Берсиевтің туған жиені Мұхамбетқали ақсақал Махмұд Шығанақұлының жазбаларында ақ тарының ерекше белгілері туралы мәліметтердің сақталғанын жеткізген.

«Мұхамбетқали ағамыз Махмұд Шығанақұлының жазбасында ақ тарының үш ноқаты болатыны, егіз тары кездесетіні және сабағы адам бойымен шамалас биіктікке дейін өсетіні жөнінде айтқан болатын. Осы мәліметтерді естігеннен кейін ерекше қызығушылықпен әрбір дәнді мұқият зерттей бастадым», – дейді Ринат Доспамбетов.

Зерттеу барысында ақ тары дәндерінің морфологиялық ерекшеліктеріне ерекше назар аударылды. Кейбір дәндердегі ноқаттардың орналасуы мен таңбалық белгілері қарастырылып, олардың қазақ ру-тайпаларының таңбаларына ұқсастығы жөнінде ғылыми-танымдық пікірлер айтылды. Сонымен қатар табиғатта сирек кездесетін егіз тары құбылысына қатысты нақты бақылаулар жүргізіліп, құнды мәліметтер жинақталды.

Кездесу барысында Ринат Доспамбетов атасы Дәулетжанның өмір жолы мен еңбек қызметіне қатысты тағылымды естеліктерімен бөлісті. Әңгімеден атадан балаға жалғасқан еңбекқорлық, жерге деген құрмет, ұлттық мұраны сақтау жауапкершілігі және тарихи құндылықтарды келер ұрпаққа аман жеткізуге деген ұмытылыс айқын көрініс тапты.

«Тары – баққа емес, бапқа шығады!»

Осы халық даналығының мәнін тарыны зерттеу барысында тағы бір мәрте аңғаруға болады. Себебі тарихи тұқымның бүгінгі күнге жетуімен қатар, оны қайта егіп, зерттеп, көбейту жолындағы Ринат Доспамбетовтің еңбегі де ерекше назар аударуға лайық.

Зерттеу барысында Ринат маған тары сабағынан бір масақ кесіп берген еді. Сол масақ кесілгеннен кейін араға екі апта уақыт салып, оның орнында сол сабақтан бес масақтың шыққанын көрдім. Бұл көрініс мен үшін ерекше әсерлі болды. «Тары – баққа емес, бапқа шығады!» деген сөздің мәнін тереңірек түсінгендей болдым. Бір масақтан бірнеше масақтың жетілуі – табиғаттың берекесі ғана емес, оны күтіп-баптаған адамның еңбегінің де жемісі.

Бір масақ кесілгеннен кейін небәрі екі аптаның ішінде бес жаңа масақтың пайда болуы – өсімдіктің қайта масақтану ерекшелігін ғана емес, оны дұрыс күтіп-баптаудың маңызын да аңғартады. Бұл – табиғаттың берген мүмкіндігі мен адам еңбегінің үйлесімінен туған нәтиже.

Бір дәннен бірнеше сабақ, бірнеше сабақтан бірнеше масақ, ал әр масақтан жүздеген дәннің қалыптасуы – еңбектің берекеге айналуының нақты көрінісі. Сондықтан Ринаттың ізденісі мен тәжірибесі «Бір дәннен — мың дән!» деген қазақы ұғымның өмірдегі көрінісіндей әсер қалдырады.

Бұл жерде әңгіме тек тары өсіру туралы емес. Қырық жылға жуық уақыт сақталған тұқымды жоғалтпай, қайта жаңғыртып, оның ерекшеліктерін бақылап, келер ұрпаққа жеткізу – тарихи мұраға деген жауапкершіліктің көрінісі.

Зерттеу жұмысының маңызы

Жүргізілген ғылыми-зерттеу жұмыстары Шығанақ Берсиевтің ақ тарысына қатысты тарихи деректерді толықтырып қана қоймай, жарты ғасырға жуық уақыт сақталған тұқымның өнгіштік қабілетін тәжірибе жүзінде дәлелдеуге мүмкіндік берді. Алынған мәліметтер ақ тарының генетикалық ерекшеліктерін, ұзақ мерзім сақталу қасиетін және селекциялық құндылығын болашақта ғылыми тұрғыдан тереңірек зерттеудің өзектілігін айқындайды.

Зерттеу барысында жинақталған материалдар музей қорын жаңа тарихи және ғылыми деректермен толықтырып, Шығанақ Берсиевтің ақ тарысына қатысты зерттеулердің жалғасуына, сондай-ақ ұлттық аграрлық мұраны ғылыми негізде насихаттауға мүмкіндік береді.

Кездесу соңында Ринат Доспамбетовке Шығанақ Берсиевтен жалғасқан ақ тары мұрасын бүгінгі күнге дейін сақтап, оны көбейтіп, келер ұрпаққа аманат ету жолындағы қажырлы еңбегі мен ізденісі үшін шынайы ризашылығымыз білдірілді. Ұлттық құндылыққа жанашырлықпен қарап, тарихи мұраны ғылыми тұрғыдан зерттеп, дәріптеуге қосып отырған еңбегі – кейінгі ұрпаққа үлгі болатын игі іс. Ақ тарының әрбір дәні Шығанақ Берсиевтің маңдай терін, дала еңбегінің қасиетін және ұрпақ сабақтастығын еске салады.

Еңбегі еселеніп, ақ тары өсірудегі игі бастамалары жемісті жалғасын таба берсін! Шығанақ Берсиевтің ақ тарысы қайта түлеп, ақ молшылықтың дәніне айналып, халқымыздың тарихи аграрлық мұрасының бір бөлшегі ретінде ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса берсін!

Дана ЖОЛДАСҚЫЗЫ,

Ш. Берсиев атындағы Ойыл аудандық өнер және өлке тарихы музейінің ғылыми қызметкері. 

Related Articles

Back to top button