«Мектепке нық қадаммен!»: 350 бүлдіршінге мектеп құралдары тарту етілді
Жаңа оқу жылы қарсаңында «Әділет» партиясының «Мектепке нық қадаммен!» республикалық акциясы Ойыл ауданында ұйымдастырылды. Игі бастама аясында мектеп табалдырығын алғаш аттағалы отырған 350 бүлдіршінге қажетті оқу құралдары сыйға тартылды.

Акцияға «АНВАР» ЖШС директоры, Ақтөбе облыстық мәслихатының депутаты Талғат Салфиков қолдау көрсетті. Ол қалыптасқан игі дәстүрге сай биыл да ауданның барлық бірінші сынып оқушысын мектепке қажетті құралдармен қамтамасыз етті.
Акцияның негізгі мақсаты – жаңа оқу жылы қарсаңында балаларға қолдау көрсетіп, отбасыларға демеу болу және бүлдіршіндердің білім жолына сеніммен қадам басуына жағдай жасау. Бұл бастама «Әділет» партиясының сайлауалды бағдарламасындағы «Адам әлеуеті – білім мен денсаулық» бағыты аясында жүзеге асырылуда. – «Мектепке нық қадаммен!» акциясы – балалардың жаңа оқу жылын жақсы көңіл күймен бастап, білімге нық қадам басуына бағытталған маңызды бастама. Әрбір баланың сапалы білім алуына жағдай жасау – қоғам үшін ортақ міндет. Сондықтан осындай игі шаралар арқылы бүлдіршіндерге қолдау көрсетіп, олардың мектеп өміріне қажетті дайындықпен келуіне үлес қосу аса маңызды, – деді партияның Ойыл аудандық филиалының атқарушы хатшысы Еркін Жиеналин.
Бүгінде Ойыл ауданында білім беру саласын дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Қазіргі уақытта ауданда 23 жалпы білім беретін мектеп, 8 мектепке дейінгі ұйым және 2 қосымша білім беру ұйымы жұмыс істейді. Өткен оқу жылын аудан мектептері 3172 оқушымен аяқтаса, жаңа оқу жылында бұл көрсеткіш 3196-ға жетеді деп күтілуде.




