Мәдениет

БІР САХНА. БІР ОТБАСЫ. БІР ӨНЕР

Халықаралық отбасы күніне орай Ойыл аудандық мәдениет үйінде «Өнерлі отбасы – қоғамның келбеті» атты отбасылық ансамбльдер фестивалі ұйымдастырылды. Отбасы мүшелерінің өнерін бір арнаға тоғыстырған мәдени шараға Ақтөбе және Атырау облыстарының бірнеше ауданынан өнерлі отбасылар арнайы қатысты. Мерекелік шара барысында бірқатар көпбалалы анаға «Күміс алқа» төсбелгісі табысталды.

Сондай-ақ отбасылық мерекеге орай арнайы құрмет көрсету рәсімдері де ұйымдастырылды. Сексен жылдық мерейтойын атап өткен «Күміс алқа» иегері, мәдениет саласының ардагері Бейбіт Төлегенқызына аудан әкімінің құттықтау хаты табысталды. Ал өмірлерін бірге бастаған жас жұбайларға неке қию туралы куәлік, дүние есігін жаңа ашқан сәбидің ата-анасына туу туралы куәлік салтанатты түрде тапсырылды.

Фестиваль сахнасында Алға ауданынан Алпысбаевтар, Хромтау ауданынан Мырзахметовтар, Темір ауданынан Баймұхановтар, Атырау облысы Қызылқоға ауданының Сағыз ауылынан Тұрғалиевтер, Миялы ауылынан Қарабалиндер және Ойыл ауданынан Ермұханбет пен Асыл Махметовтер отбасы өнер көрсетті.

Әр отбасы өз репертуарындағы ән-жырларын орындап, ұлттық өнерді дәріптеудің өзіндік үлгісін көрсетті. Бір сахнада ата-ана мен бала, ерлі-зайыптылардың бірге өнер көрсетуі көрерменге ерекше әсер сыйлады. Фестивальдің басты ерекшелігі де – өнерді отбасы мүшелерінің ортақ қызығушылығы мен шығармашылығын байланыстыратын дәнекер ретінде көрсетуінде. Мерекелік концерт соңында фестивальге қатысқан барлық отбасыларға алғыс хаттар табысталып, ақшалай сертификаттар мен арнайы сыйлықтар берілді. Өнер көрсеткен отбасыларға көрсетілген құрмет олардың еңбегіне берілген лайықты баға болды.

Ойыл төрінде өткен бұл фестивальдің мәні де осында – бір сахнаға жиналған отбасылар өнер арқылы өзара тәжірибе бөлісіп, көрерменге жақсы көңіл күй сыйлады. Бірге айтылған ән, бірге орындалған өнер – отбасы арасындағы байланыстың да бір көрінісі.

Гаухар АЛЕКСЕЕВА,

Ойыл селосы.

Related Articles

Back to top button