ҒҰРЫПТЫ САҚТАУ – РУХАНИ МҰРАНЫ САҚТАУ
Жаратқан Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға көптеген салауат пен сәлем жолдаймыз.

Ғұрып – ғасырлар сүзгісінен өтіп, сүйекке сіңген ұлттық діліміздің көрінісі. Бабаларымыздан жеткен әрбір салт пен әдет-ғұрыптың астарында терең философия, таусылмас ғибрат пен ұлтты генетикалық деңгейде қорғайтын рухани код жатыр. Әлдиден басталған әдеп, тұсаукесерден тамыр тартқан ізгілік, қонақжайлылық пен үлкенге құрмет – бәрі де халқымыздың жан дүниесін қалыптастырған ұлы мектеп.
Ғаламтор мен жаһандану дәуірінде өздігімізді жоғалтып алмаудың, рухани тамырымыздан ажырамаудың басты кепілі – осы салт-ғұрыпымызды қастерлей білу. Өз ғұрыпын ұлықтап, оны заманауи өмірмен жарасымды сабақтастыра білген ел де, ұрпақ та ешқашан тарихи аренада жұтылып кетпейді. Бұл – өткенге деген тағзым ғана емес, болашаққа қалдырар ең бағалы, сарқылмас қазынамыз.
Имам Абдулла бин Ахмед Насафи әдеп-ғұрып жайлы: «Әдет-ғұрып: ақыл тұрғысынан адамдардың көңілінен орын тапқан және адамның табиғаты құптаған ғұрып», – деп анықтама береді. Ал, ханафи ғұламасы Ибн Абидин: «Әдет – қайталау сөзінен алынған. Қайта-қайта орындала берумен ел арасында танымал және қалыптасқан жайт», – деген.
Асыл дінімізде «Әдет-ғұрып – үкім шығару құралы» деген қағида бар. Имам Малик өзінің пәтуаларында Мадина халқының әдет-ғұрыптарына көп сүйенетін. Ал, ханафи мазхабында Әбу Ханифаның пәтуасына оның шәкірттерінің пәтуалары бір қарағанда қайшы келетін тұстары болды. Оның сыры Әбу Ханифа өз заманының әдет-ғұрпына ал, шәкірттері өз заманының ғұрпына сүйенді. Мәселен, Әбу Ханифа куәлік мәселесінде жаза және кек алу мәселесінен басқа жағдайда куәлардың сырты әділдігімен шектелді. Өйткені, хадисте: «Мұсылмандар бір-біріне тең», – деген сөзін басшылыққа алды. Бұл үкім сол заманға сай болды. Өйткені, қоғамның басым бөлігін ізгі адамдар құрады. Ал, Әбу Ханифаның екі шәкірті имам Әбу Юсуф және имам Мұхаммед заманында өтірік айту ел ішінде белең алды. Сондықтан, ол екеуі куәлардың әділ және шыншыл екенін дәлелдеу керектігін талап етті. Ал, имам Шафиғи Мысыр еліне көшіп барғанда, әуелгі Бағдат қаласында шығарған үкімдерін өзгертті. Өйткені, Бағдат халқының әдет-ғұрпына Мысыр жұртының әдет-ғұрпы сай келмейді. Міне, сондықтан имам Шафиғидің: ескі және жаңа екі мазхабы болды.
Ислам шариғатында кейбір мәселелерді шешуде әдет-ғұрып айғақ ретінде қолданылады әрі бұл шариғат ғалымдары арасында мақұлданған. Ханафи мазһабының кейбір өкілдері шариғат ережесіне сай келген ғұрып нақтылы шарғи дәлел ретінде қарастырылатындығын айтқан. Абдулла ибн Масғудтан (Алла оған разы болсын) жеткен мына риуаятты дәлелге келтіреді.
«Мұсылмандар жақсы деп есептеген нәрсе Алланың құзырында жақсы, мұсылмандар жаман деп көрген нәрсе Алланың құзырында жаман», – деген (имам Ахмад).
Ханафи мазһабының ғалымы Ибн Абидин «Уқуд рәсм әл-муфти» кітабында былай дейді: «Ғұрыптың шариғатта орны бар, кейде үкім соған орай орнығар». Ислам ғұламалары әдет-ғұрыптың шариғатта дәлел ретінде қабыл алынуының бірнеше шартын келтірген. Олардың бастылары төмендегідей:
Құран Кәрім мен сүннетке және мұсылман ғұламаларының ортақ ұйғарымдарына керағар келмеуі тиіс;
Үкім шығарылған уақытта халық арасында кең қолданылатын болуы қажет;
Қарастырылатын әдет-ғұрып бұқара халықтың арасында кең таралған, үйреншікті дағды болуы тиіс. Жекелей адамдар арасындағы әдеттердің заңдылық күші жоқ.
Қорыта айтқанда діннің де, дәстүрдің де мақсаты – тәрбие өзегі, іс-әрекет ережесі. Әдет және ғұрып сөздерінің мағынасы бір десе болады. Кейбір шариғат кітаптарында «урф» сөзін қолданса, енді біреулері «әдәт» сөзіне басымдық берген. Сондықтан дін мен дәстүр арасындағы сабақтастық мәдениеттің дамуына, қоғамның бірлігін сақтауға және ұрпақтар арасындағы байланысқа әсері мол. Діни сенімдер мен дәстүрлер халықтың өміріне терең еніп, оларды әрқашан бірге дамытып, толықтырып отырады. Дін мен дәстүрдің үйлесімділігі қоғамның рухани әрі мәдени өмірін байытып, оның ұрпақтан-ұрпаққа жалғасуын қамтамасыз етеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев асыл дініміз халқымыздың бітім-болмысымен, таным-түсінігімен біте қайнасып жатқанына, ата-бабаларымыздан мирас болған салт-дәстүрімізбен сабақтас екенін былайша айтқан болатын: «Осы қос құндылық, яғни дін мен дәстүр – ұлттық бірегейлігіміздің мызғымас тірегі. Дәстүрлі ислам – қараңғылықтан ада, мейірім мен жасампаздықтың діні. Ұлтымыздың атадан балаға жалғасқан наным-сенімі адамгершілік құндылықтарға негізделген. Солай болып қала береді …».
Дін – адамдық ізгі қасиеттерімізді асқақтатса, салт-дәстүр – ұлт болып қалыптасуымыз үшін қажет. Дәстүр – ұлтты рухани жандандырып, оның ішкі және сыртқы келбетін өрнектеп, көрсетіп тұратын сипаттар. Демек, дін мен дәстүр – қашанда бір-бірімен сабақтас ұғым. Ендеше, дін мен дәстүр үндестігін сақтау – бүгінгі ұрпаққа жүктелген үлкен міндет. Бұл екі асыл қазынамызды қадір тұтсақ, тарихымыз бен мәдениетімізді ұлағаттап, ата-бабалар қалдырған ұлы аманатты сақтаған боламыз. Алла Тағала біздерді асыл дінімізді берік ұстап, салтымызды сақтаған, дәстүрімізді құрметтеген ұрпақтардан болуды жазып, дұға-тілектерімізді қабыл еткей!
Бақжарық қажы ҚЫЗЫРҰЛЫ,
Ойыл аудандық мешітінің бас имамы.



