Денсаулық

СІБІР ЖАРАСЫ ДА МАЛДАН ЖҰҒАДЫ

Сібір жарасы — адамға және жануарларға жұғатын қауіпті инфекциялық ауру. Оның қоздырғышы табиғатта ұзақ уақыт сақталатын споралар түзеді. Сондықтан аурудың алдын алу үшін санитариялық және ветеринариялық талаптарды сақтау өте маңызды. Сібір жарасы көбінесе ауыл шаруашылығы жануарларында кездеседі.

Адам ауру малмен, оның терісімен, жүнімен, қанымен немесе дұрыс тексерілмеген ет өнімдерімен байланысқанда жұқтыруы мүмкін. Әсіресе малды сою және етін бөлшектеу кезінде қауіп жоғары болады. Аурудың белгілері жұққаннан кейін бірнеше күн ішінде пайда болуы мүмкін. Терінің зақымдалған жерінде қышитын дақ немесе түйін пайда болып, кейін оның ортасында қара қабыршақ түзіледі.

Дене қызуы көтеріліп, әлсіздік пен бас ауруы байқалуы мүмкін. Аурудың алдын алу үшін белгісіз себеппен өлген малға жақындамау және оны өз бетімен соймау қажет. Күдікті жағдай байқалған кезде ветеринариялық қызметке хабарлау керек.

Ет пен сүт өнімдерін тек тексерілген жерден сатып алып, тағамды толық термиялық өңдеуден өткізу маңызды. Сібір жарасына күдік туындаған жағдайда өздігінен емделмей, дереу дәрігерге қаралу қажет.

Ерте медициналық көмек көрсету аурудың асқыну қаупін азайтады. Есіңізде болсын: қауіпсіздік ережесін сақтау — сібір жарасының алдын-алудың ең тиімді жолы.

Related Articles

Back to top button